Апаттың аз — ақ алдында тұрған жатақханада 30 отбасы тұрады. Шымкенттегі өткен ғасырдың 60 жылдары салынған қос қабатты баспананың қабырғалары қақырап тұр. Басқа барар жері жоқ тұрғындар әбден ескірген жатақханада тіпті тұруға қорқатындарын айта береді.
Опырылып құлағалы тұрған еденді тұрғындар жамап-жасқап әрең күнелтіп жатыр. Ал үйдің қабырғалары қақырап, жарылып кеткен. Күн суыса тұрғындарға тіптен қиын. Әбден ескірген жылу жүйесі қырық жамаулы пәтерді жылытуға қауқарсыз дейді тұрғындар. Амалы құрығандар электр пешін қосып, қыстан шығатындарын айтады.
Гүлбаршын Көпбасарова, тұрғын: «Пеш қосамыз, өрт шығып кете ме деп қорқамыз».
Әбден тозған дәліздің терезелерінен де дым қалмаған. Шатыры да шұрқ тесілген. «Электр желілері де тұйықталып, жарық та жиі сөніп қалады» дейді тұрғындар. Жергілікті халық жатақхананы жөндеп беруге көмек сұрап әкімдіктегілерге де барған. Алайда шенеуніктерден әзірге қайран болмай тұр.
Бір жыл ішінде балалар алаңшасын салып береміз деп алдаусыратқан атқамінерлер әлі күнге дейін әрекетсіз екен. Балалар бір ауық бой жазып ойнау үшін көрші аулаларды аралап кетеді дейді ата-аналар.
Назгүл Райымбекова, тұрғын: «Былтыр жөндеп береміз деген әлі жоқ, балаларымызды кешкісін көрші ауладан тауып аламыз».
Ал Еңбекші аудандық әкімдік өкілдері қаланың көркін бұзып тұрған қос қабатты жатақханаға тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізуге болатынын айтады. Ол үшін жергілікті тұрғындардың жазбаша келісімі қажет екен.
Александр Малахов, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін тұрғындардың 70 пайызының келісімі қажет».
Жергілікті билік өкілдері талайдан бері жөндеу көрмеген балалар алаңшасын келер жылы қалпына келтіреміз дейді. Ал жатақхананы жөндеуден өткізуге кететін шығын осында тұратын отбасыларға бөлінеді. Егер тұрғындар осыған келіссе әкімдік жатақхананы жаңғыртылуы тиіс нысандардың қатарына енгізуге дайын.
Мақпал Рысбаева