«TEDx – идеясы бар адамға үлкен мүмкіндік» – Айжан Ергешова

4151

Шымкентте алғаш рет TEDx конференция-сы өтті. Әлемге кең тараған идеялар конференциясын қаламызға алып келу барысында қандай кедергілер кездесті, бұл конференцияның қандай пайдасы бар? Осы және басқа да сұрақтарға жауап алу үшін ұйымдастырушы Айжан Ергешовамен сұқбаттастық.

– Айжан, ең алдымен TEDx дегеніміз не? Осыны түсіндіріңізші?

– Америкада TEDx қоры бар. Қазақша баламасы технология, көңіл көтеру және дизайн деп аталады. Осы үш сөздің аясында идеялар айтылатын конференция деген сөз. Ал «x» деген ТЕД-тің форматында өткізілетін тәуелсіз іс-шаралар дегенді білдіреді. Бұл ғылымды насихаттауға арналған ғылыми конференция. Бұл жерде таратуға тұрарлық идеялар болуы керек.

– Қаламызда алғаш рет өткізілген бұл конференцияның атауы неге TEDxShymkent емес, неліктен TEDx OrdabasySquare деп аталды?

–OrdabasySquare сөзі қазақшалағанда Ордабасы алаңы деп аталады. Көп адамдар бұл атауды Ордабасы ауданымен байланыстырып, шатасып жатты. Аудан атауына ешқандай қатысы жоқ. Қаламыздағы ұлы үш биіміздің көшесі тоғысқан жерде Ордабасы алаңы бар. Соған сәйкес осылай атауды жөн көрдік. Әрине, бізде басында TEDxShymkent атауын аламыз деген ниет болған. Бірақ 2016 жылы Шымкент атауымен лицензия болғандықтан біз басқаша атау алуымызға тура келді. Ереже бойынша біз өзен-көлдердің, алаңдардың, үлкен көшелердің атауларын алуымызға болады. Сонымен ойлана келе тарихы бар Ордабасы алаңына тоқталдық.

– Шымкентке TEDx-ті өткізу үшін арнайы лицензия алу керек. Лицензия алу барысында қандай кедергілер кездесті?

– Ең бірінші кедергі ол 2016 жылы бұл конференцияға лицензия бола тұра конференцияның өткізілмеуінде болды. Сондықтан да бізге лицензия беру өте ұзақ қаралды. Елімізде лицензия берілу-берілмеуі бойынша ең ұзақ уақыт қаралған лицензия бізде болды. Дегенмен өтініш берген сәттен бір жылдан кейін біз лицензия алдық. Шыментте TEDx-тің әлі де болсын танымал болмауы да сәл кедергісін келтірді. Дегенмен біз қол жеткіздік. Осы бір лицензияға жылына бір рет қана іс-шара өткізуге мүмкіндік болғандықтан, біз өте жоғары деңгейде дайындалдық. Осылайша, араға бір жыл салып қаламыздағы алғашқы ТЕД-ті де өткіздік.

– Шымкентке бұл конференцияны алып келу идеясы қалай туындады?

– 2014 жылы Шымкентке осы конференцияны алып келу идеясы болды. Сол жылы Алматыда өткен конференцияға қатысқан едім. Осы кезден бастап мен TEDx-ті Шымкент қаласында өткізу қажетін ойладым. Сол кезден бастап команда жинай бастадым. Бұл бейкоммерциялық жоба. Біздің тобымызда 12 адам бар. Олардың бәрі 1 жыл көлемінде өз уақыттарын арнады. Олардың ешқайсысы ешқандай қаражат талап етпейді. Өз қызығушылығымен жұмыс жасайды.

– Ал спикерлер қалай таңдалды?

– 115 беттен тұратын TEDx ережелері бар. Сол жерде қарапайым ғана TEDx деген жазу қандай шрифтпен болу керек, қызыл түстердің ішінде қандай қызыл болуы керегіне дейін айтылған. Спикерлерге де қойылатын талаптар бар. Олардың баяндамасын қарау, оны жазу және редактурадан өткізу бұның барлығы команданың мойнында. Біздің командамызда нақты спикерлермен 4 адам жұмыс жасады. Командамызда Алматыдан келген мамандарымыз да болды. Ең бастысы өзіміздің Шымкенттен мықты спикерлердің болуы бізге көп пайдасын тигізді. Ол кісілер де өз тәжірибелеріне сәйкес көмегін аямады. Біз спикерлерді таңдағанда ең алдымен сол адамның берер идеясына мән бердік. Адамда идея болуы керек. 20-30 пайыз сөйлеу мәнеріне де мұқият қараймыз. Тек қарап қоймай, көңілімізден шыққан спикерді арнайы дайындықтан өткіземіз. Сәуір айында ашық тыңдалым өтті. Бізді таң қалдырғаны спикер боламын деуші жастар көп болды. Солардың ішінде іріктеуден өткен жергілікті 2 спикер болды. Конференцияға TEDx аудармашылары да келді. Оларды «бізде сөз сөйлеген спикерлерді аударсыншы» деген ниетпен арнайы шақырдық.

– 115 беттен тұратын ереже деп қалдыңыз. Демек, қатысушылар санына да шектеу бар шығар, иә?

– Әрине, бар. Лицензия алғаннан кейін оны қанша адамға өткізу керек екені де айтылады. Біздің жағдайымызда қатысушы 100 адамға рұқсат етті. Ереже бойынша бұл жобаны сата алмаймыз. Маркетинг әдістер қолдана алмаймыз. Тек қана әлеуметтік желілер арқылы хабарландыру бердік. Біздің 100 қатысушының ішінде 15 шақты адам басқа қалалардан арнайы қызығушылық танытып келген. Бұл да қуанарлық жағдай. Жалпы саны 400-ден астам адамнан өтініш келіп түсті. Біз ережеге сәйкес тек 100 адамды іріктеп алдық. Бұл конференцияға қала тұрғындарының, әсіресе жастардың қызығушылығы басым болды. Бұл – үлкен тәжірибе. Әлемдік жобаны Шымкентте өткізу де оңай емес. Біз әлі конференцияның есебін тапсыруымыз керек. Бізде сөз сөйлеген спикерлердің баяндамаларын «Youtube» желісіне салып, арнайы есеп береміз. Бүкіл қатысушыларға хат жолдап, біздің іс-шараға айтар ұсыныс-тілектерін білеміз. Және конференция-ны бағалауға мүмкіндік беретін меже жібереміз. Ұйымдастырушы ретінде, аса көзге көрінерлік кемшілік болды деп айта алмаймын. Содан кейін келесі жылдың лицензиясына жаңадан өтініш толтырып ол кездегі конференцияда қандай идеялар болатынын және қандай спикерлер баяндама оқитынын айтып көрсетуіміз қажет.

– Биылғы TEDx конференциясында білім-ғылымнан көрі эмоцияға басымдық берілген сияқты? Конференция тақырыбын да түсіндіріп өтсеңіз?

– Иә, бұл жолы эмоцияға басымдық бердік. Тек ғылыми болып кетуден түсініспеушіліктер болмасын деп біз қазіргі әлеуметтік мәселелерді де қостық. Дегенмен мұны Алматыда өткен TEDx-пен салыстырсақ, ол жерде 80 пайыз эмоция емес, білім-ғылымға басымдық берген. Уақыт өте келе аудиторияны дайындап, ғылымды насихаттаймыз деген жоспарымыз бар.
Тақырыпқа келер болсақ, біз тақырыпты Station Zero деп алдық. Қазақша баламасы «Бастапқы нүкте».

– TEDx тарихында осы жоба арқылы бағы жанғандар көп пе?

– Спикерлердің сөзі TEDx-тің арнайы 20 миллионнан астам жазылушысы бар Youtube желісіне салынады. Идеясы бар адамға өте мықты мүмкіндік. Егер біздің спикерлеріміздің идеясы ұнаса, оған әлемдік деңгейде қолдаушылары табылары анық. TEDx тарихында мұндай жағдайлар болған. Көптеген өнертапқыштар осы жоба арқылы тынылған. Билл Гейтс алғаш рет Microsoft жайлы айтып шыққан. Ол кезде әлем Microsoft осындай танымал болатынын білмеген шығар. Бірақ қазір біз Microsoftтың өнімдерінсіз ештеңе жасай алмаймыз. Көрдіңіз бе, қазақтың арасында да осындай ерекше идясы бар адамдар бар шығар. Неге соларды әлемге танытпасқа?!

Сұхбаттасқан – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №39, 25 қыркүйек 2019 ж