Жастар баспаналы болады

284

Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер алуға 900-ге жуық азамат құжат тапсырған. Олардың 400-ден астамының өтініші қанағаттандырылды. Бұл туралы қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқарма басшысы журналистерге берген 9 айлық есебінде айтты. Сала басшысы шымкенттіктерді баспанамен қамтуда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарымен таныстырып, алған қойылған мақсаттармен де бөлісті.

39099 АДАМ БАСПАНА КЕЗЕГІНДЕ ТҰР

Сала басшысының міндетін атқарушы Мәлік Әбдінұров өз баяндамасын баспана кезегінде тұрған шымкенттіктердің санынан бастады. Оның сөзінше, Шымкентте 39099 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың:

— 1642-сі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала;
— 12255-і әлеуметтік жағынан әлсіз топқа жататын азамат;
— 21050-і мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскерилер;
— 24-і жалғыз баспанасы жарамсыз деп танылғандар;
— 4130-ы көпбалалы отбасы.

Мәлік Әбдінұров баспана кезегінде тұрғандардың қатары жылдан жылға артып отырғанын тілге тиек етті. Мәселен, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл кезек 9 есе өсіпті.

177 КӨПБАЛАЛЫ АНА ПӘТЕР АЛДЫ

«Баспанаға мұқтаж шымкенттіктерді өз шаршы метрлерімен қамтамасыз ету үшін билік өкілдері де қарап отырған жоқ» дейді Мәлік Құттымбетұлы. Оның айтуынша, Шымкентте тұрғын үй құрылысы қарқынды қолға алынған. Оған бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер мен баспанаға қол жеткізген бақытты отбасылар дәлел. Мәселен, былтыр «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мыңнан астам отбасы баспаналы болған. Ағымдағы жылдың сәуір-маусым айларында «Шымкент Сити» қалашығында орналасқан 10 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 540 отбасы сатып алу құқығынсыз, арендалық негізде баспаналы болды. Тапсырылған 177 пәтер көпбалалы аналарға, 108-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, қалған 55 пәтер әлеуметтік әлсіз топтағылар арасында өзара үйлестіріліп берілген.

«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ». 16 АЗАМАТ ҮЙЛІ БОЛДЫ

–2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында — 1152 отбасы арендалық коммуналдық тұрғын үйге қол жеткізсе, биыл 487 азамат «7-20-25» бағдарламасымен пәтерін несиеге алған. Ал халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататындарға арналған «Бақытты отбасы-2-10-25» бағдарламасына биыл 1010 өтініш келіп түсті. Соның 691-і «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» жолдама алды. Банктің берген мәліметінше, солардың 184-і өздерінің төлем қабылеттілігін растаған. Олардың 75-і көпбалалы аналар, 84-і толық емес отбасы, 25-і мүгедек баланы асырып отырған отбасы. Осы отбасылардың тек 16-ы ғана «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында баспаналы болды. Қалғандары құжаттарын құнттап, ендібірі пәтерлерін «сайлап» жатыр,-дейді Мәлік Құттымбетұлы.
Сала басшысы қоныс тойын тойлайтындардың саны мұнымен шектелмейді дейді. Жыл соңына дейін қалада 858 пәтер арендалық-коммуналдық, 656 пәтер кредиттік негізде берілмек. Бұдан бөлек «7-20-25» бағдарламасы аясында «SHYMKENT» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапынан салынған — 1016 пәтер, 2 жатақхана және жеке инвесторлар есебінен бой көтерген 1293 пәтер қолданысқа берілмек. Бұл биылғы жылға қойылған меже ғана. Алдағы жылдары да осы бағытта қарқынды жұмыстар жүргізіле бермек деп сендіреді құзырлылар. Осылайша олар кезекте тұрғандардың саны біршама қысқаратынына сенімді.

ЖАСТАР ҮШІН — 900 ПӘТЕР

Мәлік Әбдінұров осылай дейді. Оның сөзінше, ағымдағы жылдың 29 тамыз күні жастарды тұрғын үймен қамту туралы қағида бекіліп, өз күшіне енді. Соған сәйкес, биылдың өзінде 900 жасты баспанамен қамту жоспарда бар екен. Ол үшін қазірдің өзінде қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы — 600 пәтерді сатып алу үшін мемлекеттік конкурс өткізуде. Қалған 300 пәтерді құрылыс басқармасынан сұратып жатқан көрінеді. Осылай деп қысқа қайырған Мәлік Әбдінұров қалған жұмыстармен (өтініш қабылдау, пәтер үйлестіру) отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының айналысатынын айтты.
Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы Жандос Қалтаевтың айтуынша, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспана жұмыс істейтін жастарға ғана беріледі.

Егер сіз
— 29 жасқа толмасаңыз;
— жалпы білім беретін мектептердің немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген болсаңыз;
— еңбек қызметін жүзеге асырып жүрсеңіз;
— Қазақстан Республикасының азаматы болсаңыз

Онда сіз коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз тұрғынжайға ие бола аласыз.

–Бұл қағида ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» 2015 жылғы 9 ақпандағы Заңының 6-бабы, 12-1 тармақшасына сүйене әзірленді. Онда, 29 жасқа толмаған, жалпы білім беретін мектептердің немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген Қазақстан Республикасының азаматына коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз тұрғынжай берілсін деп жазылған. Баспана Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 маусымдағы №372 қаулысымен бекітілген тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасында белгіленген талаптарға сәйкес «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы үйлестірілмек,-дейді басқарма басшысы Жандос Қалтаев.
Оның айтуынша, бұл баспана жастарға 5 жылға жалға беріледі. Осы аралықта пәтер иесі баспана ақысын төлеп қана қоймай, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіден» есепшот ашып, соған қаражат жинауы керек. Себебі, 5 жылдан соң бұл баспаналар басқа да жастарға беріледі.
Баспанадан дәмелі жастардан құжат қабылдау науқаны қараша айынан басталады.
Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін уәкілетті орган 5 (бес) жұмыс күні ішінде құжаттардың толықтығын және олардың бекітілген қағидаға сай немесе сай келмейтінін тексереді. Егер өтініш берушінің құжаттары түгел болмаса, оған 1 (бір) жұмыс күні ішінде жоқ құжаттарды қосымша ұсынуға мүмкіндік беріледі. Өтініш беруші талапқа сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды беруден жазбаша түрде бас тартады.
Содан соң уәкілетті орган 10 (он) жұмыс күні ішінде балдарды есептейді және ең көп балл саны бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай үміткерлерінің тізімін жасайды.
Балдарды есептеу балдық жүйе бойынша жүзеге асырылады.
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы №746 қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 — 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті орган бекіткен нарықта 100 (жүз) сұранысқа ие кәсіптер тізбесіне сәйкес кәсіпті меңгерген өтініш берушіге –10 балл;
2) отбасы болған жағдайда – 5 балл, некеде тіркелген әрбір жылы үшін – 2 балл;
3) 1 (бір) бала болған жағдайда – 1 балл, әрбір кейінгі бала үшін – 2 балл;
4) жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде кемінде 1 жыл – 5 балл, әрбір жыл үшін – 1 балл;
5) өтініш берушінің түрлі қызмет салаларында жеке жетістіктері болған жағдайда — 2 балл;
6) бюджеттік ұйымдардағы еңбек қызметі үшін (мемлекеттік мекемелерде мен мемлекеттік кәсіпорындарда) – 5 балл, өтілінің әрбір жылы үшін – 1 балл;
7) екінші деңгейлі банктердің жинақ шоттарындағы (депозиттеріндегі) жинақтардың әрбір жылы үшін – 2 балл.
Балдар тең болған жағдайда өтінішті алғашқы болып берген күннен бұрын өтініш берген үміткерлер басымдыққа ие болады. Уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді беру туралы шешім қабылдағаннан кейін 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде өтініш беруші мен уәкілетті орган арасында тұрғын үйді жалдау шарты жасалады.
Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша 2019 көпқабатты тұрғын үй бар. Тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін шаһардағы 947 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бүгінгі таңда соның 152-сі күрделі жөндеуден өткен. Оның 10-ы биыл жөнделді. Енді 70 тұрғын үйді жөндеуден өткізі үшін құжаттар құнтталуда.

Құжатыңызды құнттаңыз

Ол үшін жастар:

1) өтініш;

2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (түпнұсқа жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);

3) білімі туралы құжаттың көшірмесі;

4) неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);

5) балалардың туу туралы куәлігінің (терінің) көшірмесі (бар болса);

6) өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама;

7) жұмыс орнынан анықтама;

8) өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 (101 мың теңге) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы анықтама;

9) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар;

10) банктік шоттың болуы және нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы үзінді;

11) өтініш берушінің түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттарды (бар болса) өткізу қажет.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №38, 18 қыркүйек 2019 ж