«Изуми» сауда орталығы науқас балаларға сыйлық жасады

284

«Изуми» сауда орталығы науқас балаларға мерекелік көңіл күй сыйлады. Дертке шалдыққан балалар үшін ұйымдастырушылар бұл жолы құрғақ бассейн әкелген. №2 оңалту орталығына жеткізілген бұл құрал емделіп жүрген жандар денсаулығына өз үлесін қоспақ.

№2 оңалту орталығында бүгін сыйлықтар күні болды. Себебі “Изуми” сауда орталығы тәрбиеленушілерге дамытуға арналған ойыншықтар әкелді. Оның ішінде саусақ бұлшықеттерін шынықтыруға, ой өрісін дамытуға арналған ойыншықтар мен құрғақ бассейн де бар. Соңғы құралды мұндағылар ұзақ уақыттан бері армандап жүрген екен. Жүйке жүйесінде ақауы бар балалар үшін шарларға толы бассейн таптырмас құрал.

Камила Ахмедова, компания директоры: «Изуми” компаниясы қайырымдылық акциясын жиі ұйымдастырып тұрады. Бұл жолы біз №2 оңалту орталығының балаларын қуантуды жөн көрдік. Ол үшін өзімізбен бірге дамытуға арналған ойыншықтарды ала келдік».

Изумиліктердің ең басты сыйлығы сенсорлық бөлмеге орнатылды. Мұнда емделіп жүргендер қол бұлшықеттерін шынықтырып, демалады екен. Ал, өзге сыйлықтар емдік дене шынықтыру кабинетіне қойылды. Бүгінде №2 оңалту орталығында 3 жастан 18 жасқа дейінгі 100 бала емделіп жүр.

Балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау изумиліктердің ең басты мақсаты. Аталған мейірімділік шарасы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Сыйлықтар үлестіру жаңа жылға дейін жалғасады дейді ұйымдастырушылар.