Қала әкімі бюджет қаржысын уақытында игеруді тапсырды

167

Жыл соңына дейін бюджет қаржысын толық игермеген басқарма басшылары жауапкершілікке тартылады. Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов әкімдікте өткен аппараттық мәжілісте салалық басқарма жетекшілеріне осындай ескерту жасады.
Мәжілісте 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды.

Қала әкімі басқарма басшыларына жұмысты ширатуды, биылғы кіріс жоспарының толық орындалуын қамтамасыз етуін тапсырды. Сондай-ақ, 2019 жылғы бюджетте қаралған қаржыны 20 желтоқсанға дейін толық игеріп, түпкілікті нәтижеге қол жеткізуді, жыл қорытындысымен бұл жұмыстар толық орындалмаған жағдайда бірінші басшыларға қатаң тәртіптік шара көрілетінін ескертті.

Жиында, бұдан бөлек, 26 қарашада Мемлекет басшысы қол қойған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңа толықтырулар түсіндірілді.
Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлық – ең өзекті мәселе екенін айтқан қала басшысы бұл «індетпен» жұмыла күресу керегін баса айтты.

«Мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Бұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға тартылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршамызға ортақ іс! Әрине, ең алдымен бүгінгі жас, ертеңгі мемлекеттік қызметкердің отбасында тәлім-тәрбиесі дұрыс болуы ләзім», – деді Е.Айтаханов.

Мәжіліс соңында Ерлан Қуанышұлы күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша айтылған кемшіліктер мен сын-ескертпелерден тиісті қорытынды шығарып, нәтижелі жұмыс атқаруды міндеттеді.

Сондай-ақ, жыл қорытындысы бойынша орындалмаған салалық индикаторлар бойынша жетекшілердің қызметтік жауапкершілігі қаралатынын да ескертті.

 

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі