Қарасу көшесінің тұрғындары қала әкімі мен «Отырар» телеарнасына алғысын жаудырды

235

 Апта бұрын қаламыздағы Қарасу көшесін су басып, тұрғындары далада қала жаздаған еді. Күтпеген жерден орын алған оқиға жұртты ғана емес, жауаптыларды да аяқтан тік тұрғызды. Бұл жағдай Абай ауданында алғашқы рет емес. 20 жылдан бері елді мезі еткен мәселе ақыры шешімін тапты.


Бұл Абай ауданындағы Қарасу көшесінің апта бұрынғы көрінісі. Ауласы мен үйін су басқан тұрғындар сол кезде далада қаламыз ба деп қорыққан еді. Араға апта салып тұрғындардың мәселесі шешімін тапты. Бүгінде жер астынан тоқтаусыз шыққан судың тек ізі қалған.

«Қала әкімі Ерлан Айтахановқа айтар алғысымыз шексіз. Апта бұрын өзі келіп, жағдайымызды сұрап кеткен еді. Енді міне оның тапсырмасы бойынша барлығы да оң шешімін тапты. Әрине, әлі де қорқыныш бар. 20 жылдан бері осы тасыған сумен алысып келеміз. Ақыры есік алдымыз қызыл судан тазартылып, одан бөлек тағы да жұмыстар жүргізілуде», – дейді Қарасу көшесінің тұрғыны.

Көл – көсір болып аққан суды мамандар апта бойы арнайы көлікпен тасып ақыры тоқтатқан. Бірақ, жағдайдың мұнымен шешілмесін білген олар енді көше басына қондырғы орната бастапты.

Айта кетейік, дәл осындай құрал мұнда 20 жыл бұрын болған. Кейін көзі жойылған ол жұрттың көз жасынан кейін қайта қондырылу үстінде.

Нұрлан Тілеш, «Абай» ауданы әкімінің орынбасары: «Дренаж жаңбыр жауғанда жер астындағы суды Қарасу өзеніне жіберетін болады. Бұдан кейін мұндағы тұрғындар бұл қиындықпен кездеспейді деген ойдамыз. Ол қазір жұмысымыз қызу үстінде».

Құрылыс жұмыстары апта соңына дейін жалғаспақ. Жауаптылар осыдан кейін «Қарасу» көшесінде судың көтерілуі болмайтынына сенімді. Бірақ, тұрғындардың қорқынышы әлі күнге дейін сейілмеген.

Назерке Үкібасова