Қазақтың ұлы тұлғасына – 125 жыл

1068

Арысын ардақтаған Алаш жұрты. Бүгін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де Мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті. Конференцияға қатысушыларына қазақ ұлт тарихындағы ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірі мен саяси қызметі, республиканың әлеуметтік-экономикалық жағдайын қалыптастыру және дамыту жөніндегі ұлы тұлғаның атқарған рөлі мен орны жайында кеңінен дәріптелді.

«Қазақ елінің ұмытылмас ұлы тұлғалары» атты конференцияға алаштың арысы туралы зерттеу жұмыстарын жүргізген айтулы ғалымдардан бөлек Мәскеуден арнайы Т.Рысқұловтың немересі Владимир және Адель Рысқұловтар келді. Ұлты үшін ұран тастап, Түркістанның саяси дамуына атсалысқан, түркі халықтарының рухани бірлігін сақтауға және тәуелсіздік идеясын бастаған тұлғаның өмір жолынан сыр шертетін арнайы көрме ұйымдастырылды. Қайраткер тұлғаның өмір жолынан сыр шертетін деректі фильм көрсетілді.

Зауытбек Тұрысбеков, қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы: «Т.Рысқұлов 25 жасында Түркістанды билеген. Мәскеуге барып, Сталиннің 11 жыл орынбасары болған. Моңғолияның Конституциясын жазып берген. Улан батор қаласын алып берген. Моңғолдар Рысқұлов десе бас иеді. 1400 шақырым Түркісібті Сталинмен шешіп берген.

Бүгінгі ұрпаққа ұлы тұлғаның тағлым боларлық істері дәріптелді. ОҚМУ ғалымдары «Мұхтартану» ғылыми орталығымен бірлесіп Ордалы Қоңыратбаевтың «Тұрар және Түркістан» атты монографиясын дайындап шығарыпты.

Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің ректоры: «Конференцияны өткізудегі мақсат – Тұрар Рысқұловтың еңбегін таныту. Қазақстанның негізін қалаушылардың бірі, өнеркәсіп, білім салалаларын дамытуға атсалысқан ұлы тұлға екенін кейінгі ұрпақ білуі тиіс».

Оқу ордасы Т.Рысқұловтың 125 жылдығын атап өтуге тыңғылықты дайындалыпты. 100-ден астам ғалымдардың ғылыми мақалалары «Қазақтану» журналына жарияланған. Одан бөлек, кемеңгер тұлғаны дәріптеуге арналған арнайы байқау да ұйымдастырылған.