Шымкентте бұрынғы дәмханадан мәйіт табылды

199

Шымкенттегі кафелердің бірінен ер адамның мәйіті табылды. Байтұрсынов және Рысқұлов көшелерінің қиылысында орналасқан дәмханада жатқан адамның өлі денесін сол маңдағы тұрғындардың бірі байқап, полицияға хабарлаған.

Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары кафе ауласынан қылмыс қаруы болуы ықтимал қанға боялған пышақты да тауып алды. Ал бірнеше жыл бұрын жұмысын тоқтатқан дәмхана иесі қазір Шымкентте болмай шықты. Сөзіне сенсек, қаладан көшіп кеткеніне біраз жыл болған. Содан бері қаңырап, қараусыз қалған. Әбден тоналған ғимарат соңғы уақыттары қаңғыбастардың мекеніне айналыпты. Қазіргі уақытта бұл қылмыстықа қатысты тексеруді бастаған полиция қызметкерлері мәйіттің жеке басын анықтап, оның Түркістан облысының тұрғыны екенін мәлімдеді.

Әсел Сәденова, Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің  жетекшісі: «Аталған жәйт ҚР ҚК-ның 99-бабы — адам өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелді. Ер адамның жеке басы анықталды. Ол Түркістан облысының тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта орын алған оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған барлық жедел тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды».

Мөлдір Бекеева