Úı ANONS Берденовке атылған оқ, «зорланған науқас», қоқыстан табылған мәйіт — 2025 жылдағы оқиғалар

Берденовке атылған оқ, «зорланған науқас», қоқыстан табылған мәйіт — 2025 жылдағы оқиғалар

Биыл Шымкент қаласы мен Түркістан облысында аймақты ғана емес, елді елеңдеткен бірнеше қылмыстық оқиға тіркелді. Көбі сотта қаралып, үкім шықты. Әлі де сот тергеуінде жүрген істер де жеткілікті. Бұл қай істер? Оқиғалар несімен есте қалды? Кім не кімдер сотты болды? Биыл есте қалған атышулы оқиғаларды тізіп көрейік.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атылды. Оның себебі сотта айтылды. Сот үкімінен кейін Берденов қызметінен кетті. Оқиға қалай болды?

Биыл Түркістан облысында бірнеше аудандық білім бөлімінің ондаған есепшісі істі болды. Олар мемлекеттің қомақты қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді. Есепшілерге сот қандай жаза тағайындады?

Анасын өлтірген бала. Шымкентте ер адам мүгедек анасын өлтіріп, артынан өртеп жіберді. Ол мұндай әрекетке неліктен барды?

Жетісайда келіншектің денесі көршісінің ауласынан табылды. Сотта марқұмның азапталғаны айтылды. Қайғылы оқиғаның соңы не болды?

Зорланған қыздың сөзі. Шымкенттегі Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығының санитарларына «науқастарды зорлады» деген айып тағылды. Сот екі айыпталушыны 15 жылға соттады. Жәбірленушілер мен айыпталушылар сот үкімімен келісті ме?

Жәбірленуші тараптың соттағы айқайы. Шымкентте үй тазалауға барып, оқушының қолынан қаза тапқан келіншектің денесі қоқыс жәшігінен табылды. Сот айыпталушының бас бостандығын жеті жарым жылға айырды. Сот неге мұндай шешімге келді?

Түркістан облысы Қарамұрт ауылында әйелін балтамен ұрып өлтіріп, өзіне-өзі қол салған адам кім? Жантүршігерлік оқиғаның жай-жапсары қандай?

21 сәуір кешкі сағат тоғыз шамасы. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің жұмыстан жайбарақат шыққан сәті. Көлігіне жақындай бергенде қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры 31 жастағы Ернар Жиембайдың 5 рет оқ атқан. Бұл қала әкімдігі ғимаратының бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Оқ Берденовтің иығы мен жамбасына тиген. Көп қан жоғалтқан шенеунікке дәрігерлер 4 сағат бойы ота жасап, аман алып қалды. Күдікті оқиға орнында ұсталған. Оның үстінен «Адам өлтіру» бабымен іс қозғалды. Оқиға жұртты шошытты. Әрі елең еткізді. Бірден бұған Берденовтің күдіктінің әйеліне қырыңдағаны себеп деген әңгіме гу ете қалды. Іле-шала оны жоққа шығарғандар болды. Себебін жұмыспен байланыстырып жатты. Алып-қашпа әңгіменің ыстық-суығы басылмай тұрғанда тергеу аяқталып, іс сотқа жетті.

Жәбірленуші Руслан Берденов сотқа жарыссөзге дейін қатыспады. Оның құқығын заңды өкілі қорғады. Сот тергеуінде айыпталушы өз шындығын айтты. Кінәсін ішінара мойындаған ол шенеунікке неліктен оқ атқанын түсіндіріп берді. Оның сөзінше, жәбірленуші ар-намысына тиіп, қорлаған, қысым көрсеткен. Әйелінің әлеуметтік желідегі парақшасына лайк басып, әдемісің деп пікір қалдырған.

ЕРНАР ЖИЕМБАЙ, АЙЫПТАЛУШЫ: «Кабинетіне кірдім… боқтау сөздер айтты».

Дегенмен, мұны жәбірленуші тарап жоққа шығарды. Сот жарыссөзінде ғана келген ол айыпталушының әйелін танымайтынын айтты. Ол оқ ату себебін жұмыспен байланыстырды.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ернар Жиембайды 9 жылға түрмеге жапты. Сотталушы үкіммен келіспеймін деді. Айтуынша, оның адам өлтіруге пиғылы болмаған. Сотталушы үкім «Адам өлтіру» бабымен емес, «Денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабымен шығуы керек деп есептейді.

Үкімге келіспеген тараптардың бәрі жаппай апелляциялық шағым түсірді. Бірақ ешбір шағым қанағаттандырылмады. Берденовтің заңды өкілі кассациялық шағым түсіретінін мәлімдеген. Әзірге оның бұл шағымды түсірген, түсірмегені беймәлім. Айтпақшы, 40 жастағы Руслан Берденов қала әкімі орынбасары қызметіне қайта бармады. Ол өз еркімен кетті. Ол бұл қызметке ақпан айында келген болатын.

Елдің назарын аударған қылмыстық істердің бірі – Түркістан облысындағы аудандық білім бөлімдері басшылары мен есепшілерінің бюджет ақшасын жымқыруы болды. Әсіресе, мемлекеттің 3 миллиард 700 миллион теңгесін иемденіп алды деген күдікке ілінген Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы мен есепшілерін қосқанда 15 адамның ісі қызу талқыға түсті. Олардың бірін сот рақымшылық заңымен босатты. 7 жылға сотталған 8 есепші мен 10 жылға түрмеге жабылған аудандық білім бөлімінің басшысы Ақшагүл Бердіәлиева сот залынан қамауға алынды. Сонымен бірге білім бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарған 3 адам «Салғырттық» бабымен кінәлі деп танылды. Айыпталушылардың ісінде тергеу кезінде қайтыс болған әйел де бар. Сот оның кінәсі толық дәлелденді дейді.

ДӘУРЕН МАДАЛИЕВ, судья: «Қылмыстық жолмен пайда болған мемлекет пайдасына өндірілді. Оның ішінде үйлер, пәтерлер, сонымен қатар қымбат автокөліктер. 20 шақты жылжитын, жылжымайтын мүлік. Сонымен қатар сотталған тұлғаның меншігінде сауда орталығында алтын сататын орын болған. Оны да қылмыстық жолмен пайда болған деп сот мемлекет пайдасына өндірді».

Сот дерегінше, сотталушылардың кейбірі мемлекет қаржысын ішінара, кейбірі толық қайтарған. 15 сотталушының ең азы 22 миллион теңге, ең көбі 200 миллион теңге шамасында мемлекет қаржысын заңсыз иемденіп алған. Жәбірленуші сотқа сотталушылардың мемлекет ақшасын қайтарып беру туралы азаматтық талап қойғанымен, оның мөлшерін сот тергеуінде есептеп шығуру мүмкін болмаған.

Сондықтан сот шығынды азаматтық тәртіппен өндірілсін деген тұжырымға келді. Сотталушылардың дені сот үкімімен келіспеді. Айта кетейік, Түркістан облысындағы 8 ауданда білім бөлімінің қызметкерлері бюджеттің шамамен 12 миллиард теңге қаржы жымқырған деген күдікке ілінген. Ақша көлемімен есептегенде, түйені түгімен жұтқандай дерсің.

Шымкентте елдің жағасын ұстатқан қанды оқиға дәл осы үйде болды. 31 жастағы ер адам туған анасын бауыздап, артынан үй ауласында өртеп жіберді дегенде ел шошыды. Оқиғаға қатысты полиция «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғады. Тергеу кезінде оның «шизофрениямен» ауыратыны дәлелденген. Сот үкімімен күдікті мәжбүрлі емге жіберілді.

«Сот қаулы етті. Жолдыбаев Дархан Қылмыстық кодексі 16-бабына сәйкес оның қоғамға қауіпті әрекет жасаған кезде есі есі дұрыс емес күйде болғанына байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-тармағында көрсетілген қоғамға қауіпті әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылсын. Жолдыбаевқа мәжбүрлі емдеу тағайындалсын».

Сот тергеуінде оқиғаның қалай болғаны айтылды. Күдікті 54 жастағы мүгедек анасын өз үйінде бірнеше жерінен пышақтап өлтіріп, шынжырмен қылқындырып, мәйітін ауласындағы шұңқырға өртеп жіберген болып шықты. «Ол мұны алдын-ала жоспарлаған» деді прокурор сот отырысында. Бұған оның анасы бала кезде ұрысқаны және нағашыларының қолында қалдырып кеткені себеп болған көрінеді.

«Бұл кісіге өмір бақы түрме берілсін, не өлім жазасы берілсін. Өтірік ауырмайды, дені сау. Өтірік жолтый карточка алып жауапкершілік алмай тұр».

Сот тергеуінде марқұмның әпкесі Құндыз Аданова Жолдасбаевтың ауыратынына сенбейтінін айтып, мұны жазадан қашу үшін жасаған қулығы деп түсіндірген. 31 жастағы Жолдасбаев ажырасқан, бұрын сотты болған. Бірнеше рет психикалық денсаулығына байланысты дәрігерлердің көмегіне жүгінген Марқұм анасы мен ағасы «туа біткен ақыл-естің кемістігі» диагнозымен мүгедектікке шыққан.

«Мына сол жағы көкпеңбек болып қанталап кеткен. Сия, көкпеңбек. Құлағының артынан қан шығып тұр. Тілін мал өлгендей тістеп қалған, қан ағып жатыр. Шашы деген ісіп кеткен. Сонын оң қолында үш пышақтың ізі бар».

Көрші келіншекті қылқындырып, ауласына көміп тастаған Жетісай ауданы Алғабас ауылының 27 жастағы тұрғыны Ералхан Төреханов 20 жылға түрмеге жабылды. Ол да «Адам өлтіру» бабымен сотталды. 28 қаңтар күні із-түссіз жоғалған 38 жастағы Әйгерім Әжекееваны туыстары 1 ай іздеп, көрші үйдің ауласынан көмілген жерінен тапты. Марқұмның туыстары оның қансыраған денесінің сау тамтығы қалмағанын айтты. Азаптаудан бөлек, зорланды деп күдіктенді.

МЕЙРАМГҮЛ БЕРДІӘЛИЕВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ: «Ішім удай ашиды, өлуге айналдым осы күні. Бүйректері, арқалары көкпеңбек болып кеткен. Аяқтың ізі бар сияқты болды бізге. Енді көрсең жаман тұра алмайсың. Содан да есімізді жия алмай біраз жүрдік. Әлі де ешнәрсеге қолымыз бармайды, тек қана жылай береміз жылай береміз сол».

Әйгерім Әжекеева ширақ, мінезі жүйрік, бауырларына қамқор еді дейді туыстары. Зорлық-зомбылыққа шыдамай бірінші күйеуінен ажырасып, мүгедек әке-шешесіне бас-көз болып отырған. Соңғы уақытта көкпар ойыны кезінде сауда жасап, нәпақа тауып жүрген.

Судья жаза тағайындау кезінде сотталушының бұрын сотты болғаны, қылмыс жасауды қайталағаны ескерілгенін атап өтті. Үкімді түсіндіру кезінде жәбірленушінің мәйіті сотталушының үйінен табылғаны, мәйітті қылмыс жасалған үйде көміп тастағаны айтылды. Сот медициналық-криминалистикалық сараптама қорытындысына сәйкес, сотталушы 38 жастағы Әйгерім Әжекееваны жіппен қылқындырғаны дәлелденген. Дегенмен сотталушы сот үкімімен келіспеді.

Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында емделген екі қызды зорлады деп айыпталған орталық санитарлары Нұрбек Даржанов пен Нұрлан Дүйсебаевтың ісі де тіптен қиын болды. Сотталушылар бұрын-соңды сотты болмаған, отбасылы, кәмелет жасқа толмаған балалары бар. Өткен жылы оларға орталықтан ем алуға келген екі қызды зорлады деген айып тағылған. Жәбірленушлердің бірі кәмелет жасқа толмаған қыз. Ол орталықта ем алып жатқан кезде бойына бала біткені анықталып, артынан денсаулығына байланысты түсік жасатқан.

Бұл оқиғаны қабылдау былай тұрсын, естудің өзі ауыр еді. Оны дәлелдеу жәбірленушілерге тіптен қиынға соқты. Олар кінәлілер жазадан құтылып кете ме деп алаңдаған. Алайда сот тергеуінше күдіктілер айыпты мойындамаса да, олардың адам сенгісіз әрекеті дәлелденді. Сот олардың әрбірін 15 жылға соттады. 5 миллион теңге көлемінде моралдық зиян өтдірірді.

Сотталушылардың қорғаушылары сот үкімімен келіспеді. Үкім біржақты шыққанын мәлімдеді.

ТАҒАЙБЕК ДАРЖАНОВ, СОТТАЛУШЫ НҰРБЕК ДАРЖАНОВТЫҢ ӘКЕСІ: «Сот шешіміне қарсымын. Келіспеймін мұнымен. Мұның бәрі ойдан құрастырылған нәрсе. Мұның бәрі жалған жала. Жаланың арқасында кетіп жатыр екі бала. Жалғанның құрбаны болып. Бізге дәлелін әкеліп көрсетсінші, үндемей қоятын едік. Істеген екен балалар деп та. Дәлел жоқ қой, дәлел. Ешқандай».

Жәбірленушілер сот үкімімен келісті. Айтуларынша, тергеуде де, сотта да қысым болған. Айыпталушылар ақталып кете ме деп күдіктенген.

… Бұл Шымкентте үй тазалауға барып, оқушының қолынан қаза тапқан келіншектің сіңлісі. Сот айыпталушының бас бостандығын жеті жарым жылға айырғанына наразы болған сәті. Жантүршігерлік оқиға 21 шілде күні болған еді. Екі қыздың анасы 26 жастағы Диана Оңғарбаева қалада үй тазалап, нәпақа табуға шыққан. Дегенмен үйіне қайта оралмаған. Туыстары дабыл қағып, жанұшыра іздегенімен табылмаған. Оның денесі 31 шілде күні қоқыс жәшігінің жанынан бөлшектелген күйі целофаннан шыққан.

САЙДАНА ОҢҒАРБАЕВА, МАРҚҰМ ӘЙЕЛДІҢ СІҢЛІСІ: «7 жыл жаза — осындай ауыр қылмысқа өте жеңіл жаза. Оны өлтіріп, бір жерінен ғана пышақтамаған. Мақсаты — жыныстық қатынасқа түсу. Оны дәлелсіз қалдырып отыр. Мәйітті қорлауды алып тастап отыр. Пакетке салып, қоқысқа тастағанның өзі — мәйітті қорлауға жатады. Біздің әпкемізді кім қайтарып береді? Өлген қыздың шешесіне, екі қызына кім қайтарып береді?»
— Апелляциялық шағым түсіресіздер ме?
— Түсіреміз.

Бұл жолы темір тордың артына 17 жастағы 11-сынып оқушысы түсті. Ол «Адам өлтіру» және «Ұрлық» бабы бойынша кінәлі деп танылды. Ал дәлелдің болмауына байланысты «Өлген адамдардың мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау» бабы бойынша ақтады. Іс жабық қаралды. Жәбірленушілердің моральдық залалды өтеу туралы талап-арыздары ішінара қанағаттандырылды. Сотталған оқушының заңды өкілінен екі жәбірленуші мен марқұмның кәмелетке толмаған екі қызына моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге төлеу міндеттелді.

МУХАББАТ МЫРХАДИЕВА, МАРҚҰМ ӘЙЕЛДІҢ ӘПКЕСІ: «Жуып жатқан кезде сіңлімнің мына жерде еті мынанша шығып қалған. Тартып тіккен. Мына көзін мына жерден тартып тігіп қойған. Мына жағы жыртылған. Бәрін тігіп қойған. Мына жерлері де жыртылған. Қолдарын көрейін дедік. Етінің бәрі мына жерге дейін түрілген. Денесінің сау жері жоқ. Ұрғаны білініп тұр. Балғамен ұрғаны анық көрініп тұр. Екі рет ұрған».

Биылғы жылдың ең ауыр оқиғалардың бірі Түркістан облысы Қарамұрт ауылында болды. 56 жастағы күйеуі 45 жастағы әйелін балғамен ұрып өлтіріп, артынан дәретханада өзіне өзі қол салған. Ерлі-зайыптылардың ортақ 4 баласы болған. Үлкені 13 жаста, кенжесі – 4 жасар. Балаларының кенжесі ерекше бала. Ең өкініштісі анасының аулада қансырап қайтыс болғанын – қызы, әкесінің асылып қалғанын ұлы көрген.

«Кухнядан кішкентай балғаны тауып шықты да, мына жерде екен балғамен ұрды деп. Балғаның осындай жағы кірген, қан болып тұр. Мен өз көзіммен көргенім және шашы жабысқан балғаға».

Ерлі-зайыптылардың отбасы құрғанына 15 жылға жуықтаған. Отбасы осы баласының жәрдемақысымен күн көрген. Еркек жұмыссыз, отбасы жоқшылықтан қиналған. Ер адам жұбайының опасыздығына байланысты ауыр қадамға барғанын айтып, соңғы сөзін телефонына аудио түрінде қалдырыпты. Бірақ мұны әйелдің туыстары да, көршілері де жоққа шығарды.

Бас прокуратураның құқықтық статистикасына қарағанда, биылғы жылдың 11 айында Шымкентте 5 мыңға жуық қылмыстық іс тіркелген. Түркістан облысында оның саны 4 мыңнан асқан. Шымкенттегі аса ауыр және ауыр қылмысты қоса алғанда саны 2200-ден асқан. «Адам өлтіру» бабымен 14 іс тергелген. Ал Түркістан облысында ауыр және аса ауыр қылмыс саны 1700-ге жуықтаған. Облыста «Адам» өлтіру бабымен 20 қылмыстық іс қозғалған.

Дилара Иса