Түркістанда жолақы қымбаттауы мүмкін

129

Соңғы он жылда қоғамдық көлікте жүру құны республикада ең төмен болған Түркістанда автобус пен газельдерде жүру бағасы  50 теңгеден 70 теңгеге қымбаттайды.

«Егерде уәде еткен автобустар паркі жаңаланып, қызмет көрсету сапасы артса, қоғамдық көлікте жол жүру құнының 70 теңгеге көтерілетініне қарсы емеспіз»,- дейді түркістандықтар. Бұрын көшелеріміз тар болып, шағын автобустар қатынаса, енді облыс орталығы болғаннан бері көше жолдары кеңейіп, заманауи көліктердің қатарын толықтыруға толық мүмкіндік бар дейді.

Гүлжан Тесебаева, Түркістан қаласының тұрғыны: «Әсіресе, кешке оқушылар  көлікке симай тастап кеткен кездер де болған. Келесі автобусты күтіп қаламыз. Мен өзім ұстазбын, сондықтан да бұл мәселені жақсы білемін. Егерде жол жүру құны 70 теңгеге көтеріліп, жаңа үлкен автобустар сатып алынса,  қызмет көрсету сапасы артса құптаймыз. Оқушылар қиналмаса болды».

«Жергілікті билік тарапынан аз қамтылған отбасыларына қолдау көрсетілсе әрине біз де бұл жаңашылдықты қолдайтын едік» дейді көпбалалы ана Ағзада Эртаева. «Біреудің жағдайы бар, қалтасы көтермейтіндер де бар, біреулер жұмыссыз жүр. Автобустар мен газельдерде 70 теңге болса, көпбалалы, аз қамтылған отбасылары қиналады. Жеңілдіктер жасалса, жақсы болар еді» дейді батыр ана.

«Міндетті түрде бастауыш сынып оқушыларына жеңілдіктер бар. Соңғы екі шақырылым бойы мәслихат депутаттары 1-4 сынып оқушылары қоғамдық көлікте тегін жүруі үшін жолаушыларды тасымалдайтын көлік компанияларының шығыны бюджет есебінен жабылып келді. Алдағы уақытта да бұл үрдіс сақталады» дейді шаҺар басшысы Рашид Аюпов.

Облыс әкімінің бастамасымен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен қалада  жаңа автопарк ашу қарастырылуда. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға жеңілдіктер қарастырылады. Өйткені, Түркістанда  жолаушылар тасымалымен бір монополист  айналысады. Қазір арнайы комиссия бұл мәселемен айналысуда. Барлық есептеулер дайын болғанда, халықпен кездесу  өтеді. Егерде көлік компаниялары  қала әкімдігі қойған талаптарды, орындаса. Ол автобустарды жаңалау, қызмет көрсету сапасын арттыру, әлеуметтік  қолдау.

Облыс орталығы мәртебесіне ие болған түркістандықтар өркениетті ел қатарына ену үшін шаһар барлық талаптарға сай болуы тиіс екенін түсінеді. Студент жастар болса, «егерде  еліміздегі ірі қалалардағыдай Түркістанда бір айға жол жүру «карточкасы» қолданылса, біз биліктің бұл әрекетіне қарсы емеспіз»,- дейді.

Шынар Оразова