«ҚазТрансГаз өнімдері» ЖШС-і сот шешімін орындамай отыр

146

«Еңбек құқымыз аяқасты болды». Шымкентте «ҚазТрансГаз өнімдері» ЖШС-нің бұрыңғы жұмысшылары арнамызға осылай деп арыздана келді. Жұмыстан заңсыз қуылғанына наразы тұрғындар бір жарым жылдан бері әділдікке қол жеткізе алмай келеді. Еңбеккерлердің бұл дауы сотқа дейін жеткен. Алайда, компания басшылары жұмысшылардың пайдасына шешілген сот шешімін орындауға асығар емес.

Ерқожа Асқаров «ҚазТрансГаз өнімдері» серіктестігінде 3 жыл бойы автоқызмет басшысы болып жұмыс істеген. Еңбек демалысында жүргенде ескертусіз жұмыстан шығарылған. Енді ол бір жылдан бері әділдік іздеп құзырлы органдарды жағалап жүр. Айтуынша, еңбеккерлердің пайдасына шешілген сот шешімін орындауға келгенде жұмыс берушілер салғырттық танытып отыр.

«Негізсіз жұмыстан қуылдым» деп наразылық білдіргендердің арасында зейнет жасына жақындап қалған азаматтар да бар. Жеткерген Алдияров бір жарым жылдан бері жұмыссыз. 4 айдан кейін құрметті демалысқа шығатын оған сот тіпті осыған дейін бос жүрген күндеріне ақы төлеу туралы шешім де шығарып берген.

Компания жұмысшылары былтыр ең алдымен заңгерлер палатасына, кейін еңбек инспекциясына арыз түсірген. Еңбек қатынастарынан туындаған бұл дау былтыр Абай аудандық сотында қаралған. Алайда, сот шешіміне қанағаттанбаған еңбеккерлер қалалық сотқа аппеляциялық шағым түсіріпті.

Шымкент қаласы еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының өкілдері сот процесі кезінде еңбек шартын бұзуға қатысты бірқатар заңбұзушылықтар анықталды дейді. Ал екінші сатылы сот шешімімен жұмыс берушілер келіспейді.

Басында «ешкімді жұмыстан шығарған жоқпыз» деп бет бақтырмаған компания басшылары жоғары сотқа арызданғанын айтты. Бір жылдан бері заңды жұмыс орнына қайта тұру үшін құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүрген тұрғындар шарасыз күйде. Ендігі жерде еңбек дауына жоғары сот нүкте қояды.

Мақпал Рысбаева