Шымкент қалалық полиция қызметкерлері сыбайлас жемқорлықпен бірлесе күресуге шақырады

195

«Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпайтыны» сияқты жемқорлықпен күресте қоғам бірікпесе іс өнбейді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің жанынан құрылған республикалық ақпараттық-ағартушылық штабтың Шымкент қалалық полиция департаментінің жеке құрамымен өткен жиында айтылды.

Кездесуге Штаб басшысы Ы.Тұрсынзада, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің өкілі А.Бердалин, Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев және Полиция департаменті басшылығы мен қызметкерлері қатысты.

Штаб жұмысына тоқталған Ырза Тұрсынзада, Штабтың негізгі міндеттері халық арасында, құқық қорғау және мемлекеттік органдарда, сондай-ақ жас буын арасында парасаттылық мәдениетін қалыптастыру бойынша кең ақпарат тарату екендігін жеке құрамға жеткізді.

Сонымен қатар, шарада Агенттік тарапынан жүзеге асырылып отырған жобалар да айтылды. Аталған жобалармен таныстырған А.Бердалин, жаңадан құрылған Парасаттылық, Алдын алу, Серіктестік департаменттерінің атқаратын жұмыстарымен жиналғандарды хабардар етті. Сондай-ақ, ол білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатындағы «Sanaly urpaq», «Адал ұрпақ», сонымен қатар кәсіпкерлерді қорғауға бағытталған «Protecting business and investments», жолдардың сапасын мониторингтеуге арналған «Сапалы жол» және тағы басқа жобаларға тоқталды.

Арман Бердалин «әр қазақ – менің жалғызым» демекші, әр адамға біз жанашырлықпен қарап, қазақтың «алдынан өту» деген дәстүр бойынша, алдымен алдынан өтейік, ескертейік деген ниетпен келіп отырғандықтарын жеткізді.

Кездесу соңында Полиция департаменті басшылығы жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жүзеге асырылып отырған жұмыстармен таныстырып, қонақтарға алғыстарын жеткізді.

Сондай-ақ, жиында бүгінгі кездесу тек полиция қызметкерлері ретінде ғана кездесу емес, ұрпақ тәрбиелеп отырған ата-аналар ретінде де өткендігі хабарланып, қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда бірлесе күресуге шақырылды.