Шымкентте шетелдік нөмірмен жүрген көлік иелері шу шығарды

380

Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер Министрінің бірінші орынбасары:»Қырғызстан мен Армениядан әкелінген көліктер кедендік рәсімдеуден өтуі тиіс. Әкімшілік кодексте бұл туралы анық жазылған. Егер ереже бұзғандар анықталса, жүргізушіге айыппұл салынып, көлігі тұраққа тоғытылады».

https://www.youtube.com/watch?v=V4EeT64WLv8&feature=youtu.be

«Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ талабын орындадық», – деген Ішкі істер Министрлігі соңғы жылдары шекарадан ешбір кедергісіз елге кірген көліктерді енді заңсыз деп отыр. Ендігі жерде, шетелдік нөмір таққан жүргізушілер көліктерін кедендік рәсімдеуден өткізуі керек. Егер бұл тиісті талапқа сай болмаса, елден шығаруға міндеттелді.

Мұны естіген Шымкент жұрты шығынға шаш-етектен бататын болдық деп базынасын арқалай, аттаңдап «Наурыз» алаңына жиналды. Автокөліктердің арғысын Армениядан, бергісін Бішкектен әкелген ағайын тәртіп сақшыларымен бетпе-бет жүздесуге де сол теміртұлпарларын мініп келіпті. Жүргізушілердің дүрліккені сонша, тәртіп сақшыларын сұрақтың астына алып, тығырыққа тіреп тастады. Ал полиция департаментінің басшылығы бұл түйіннің тарқалуы үшін ызалы жұртқа заңды барынша түсіндіріп бағуға тырысты.

Бұл ереженің Ресей мен Белорусьтен әкелінген көліктерге ешқандай қатысы жоқ. Яғни, олардың жүріп-тұруына ешқандай тыйым салынбаған. «Ал осы күнге дейін емін-еркін зулаған қырғыз бен Армения көліктерін енді жол сақшылары мен кеден қызметкерлерінің қыспаққа алатыны анық», – деген жүргізушілер тағы да құзырлылардың қызметі мен құзыретіне шүйлікті. Сөз соңында департамент басшылығы жол сақшылары шетелдік нөмір таққан бұл көліктерді бей-берекет тоқтатып, мазасын алмайды деп уәдесін берді. Наразы топтың кедендік рәсімдеуді жеңілдетуді немесе бұл істі тағы пысықтап, оңтайлы шешім қабылдау туралы ұсынысын Министрлікке жолдайтынын да жеткізді.Айта кетейік, бүгінде Қазақстан жолдарында шетелдік нөмір таққан 170 мыңға жуық көлік бар екен. Ал оның қаншауы Шымкентте жүргені әзірге белгісіз. Белгілісі, 2019 жылдан бүгінге дейін шетелдік көліктер 829 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. 3 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам жарақат алса, 2 адам қаза тапқан.

Мөлдір Бекеева