Табиғи таза тыңайтқыш өнім көлемін еселеп арттыруға мүмкіндік береді дейді ғалымдар, деп хабарлайды «Хабар 24». Елбасы жолдауында ауыл шаруашылығын ел экономикасының негізгі драйверіне айналуы туралы басым бағыт бар. Бұл саланы дамуы үшін өнімділікті арттыру қажет.
Биогумус – табиғи таза тыңайтқыш. Қазақша айтқанда көң. Дегенмен айырмашылығы бар. Малдың тезегінің қышқылдығын азайту үшін оны Калифорния қызыл құртына жегізеді. Осылай өңделген тыңайтқыш бақша дақылдарынан алынатын өнім көлемін еселеп арттырады. Ал өңделмеген көң егістікті күйдіріп жіберуі мүмкін дейді ғалымдар.
Алтынбек Әбсейіт, ХҚТУ экология ғылыми зерттеу институтының кіші қызметкері: «Мысалы, өзге тыңайтқыштармен өңделген қияр бір түбінен бір күнде бір қияр шығарса, мұнда бір түбінен 5-6 қияр өсіп шығады».
Қазақ-түрік университетінің зертханасында биоорганикалық тыңайтқыш құрғақ және сұйық түрінде дайындалады. Құрғағы топыраққа араластырылса, сұйық тыңайтқыштың 1 литрі 100 литр сумен араластырылады. Одан кейін су арқылы егістікке жібереді.
Амангүл Ақбасова, ХҚТУ экология ғылыми зерттеу институтының директоры: «Биоорганикалық тыңайтқыштың тиімділігі, өзге тыңайтқыштардан артықшылығы өнімділікті 7-8 есеге дейін артық береді. Егер тапсырыс түссе, қажетті мөлшерді дайындап бере аламыз».
Бүгінде зертханада 2 тоннадан астам дайын өнім тұр. Аталған жобаға патент берілген. Сонымен қатар мемлекет тарапынан берілген арнайы грантты да жеңіп алыпты.