Шымкенттегі «Тұран» шағынауданында шешімін күткен проблема шаш етектен. Тұрғындар не сапалы суға, не көгілдір газға қол жеткізе алмай отыр.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов жергілікті халықпен кездесіп, көпшіліктің мұң-мұқтажын тыңдады. Қала басшысы елдімекен инфрақұрылымын жақсартудағы жоспарымен бөлсті.
Тұрандықтар әлі күнге дейін тіршілік нәрін тасып ішеді. Сапасыз су тұтынатын жұртшылық денсаулықтарына алаңдайды. Жергілікті билік өкілдері тұрғындардың өтініш-тілегін жіті тыңдады.
Жауаптылар шағынауданның әлі күнге дейін сусыз отырғанын бұл аумақта су көздерінің жоқтығымен байланыстырады. Билік өкілдері магистральді құбырлар жүргізетін мердігерлер анықталғаннан кейін бұл түйіткілді жыл соңына дейін шешеміз деп уәде етті.
Қолданыстағы АГРС қуаттылығы тұрандықтарды газдандыруға жетпейді екен. Сондықтан да көгілдір отынның ауылы әзірге алыс. Елдімекенді табиғи газбен қамту жоспары бірнеше кезеңге қарастырылыпты.
Жалпы, қалада инженерлік инфрақұрылымның өзекті екенін қала басшысы да жасырмайды. Халық саны жедел өсуінен магистралды жүйелердің қуаты жетіспейді екен. Шаһар басшысы коммуналдық түйіткілдердің түйінін 3 жылда тарқатамыз деп уәде етті.
Мақпал Рысбаева