Өркениет жетпеген «Достық»

190

Батпақты жол, әлсіз жарық пен көгілдір отын мәселесі «Достық» тұрғындарын титықтатып жіберді. Өркениеттен кенже қалған жұртшылық жауаптылардың уәдесіне де тойып біткен. Енді әкімдіктен қайыр таппаған олар жанайқайын телеарнадан жеткізуден басқа амал қалмады дейді.

Бұл шалғайдағы ауыл емес, үшінші мегаполистегі шағынаудан көрінісі. Ал, «Достық» тұрғындарының бұл көрініске көзі үйренгеніне біраз болыпты. Бір маусымда бірнеше аяқ киімді тоздырамыз деп ашыған олар жауаптыларға да талай рет жүгінген. Алайда ондағылар уәдеден әрі аса алмай отыр екен.

Мәуленбек Исақов, қала тұрығыны: «Біздің қалада тұрады деген атымыз ғана. Бірақ, шын мәнісінде ауданымыздың шалғайдағы ауылдан еш айырмашылығы жоқ. Қанша уақыттан бері аудан әкімдігіне жүгініп жүрміз. Ондағылар арызымызға тек уәдемен жауап беріп, жұбатқаннан басқа амал таппай жүр. Мына ми батпақтан қажыдық».

«Достықтағы» мәселе жол жырымен ғана бітпейді. Онымен қоса ауыз су мен кәріз жүйесі де жөнге келмеген. Өркениеттен күдер үзген көпшілік мемлекет жарығы пен көгілдір отынды да әзірге тек армандай алады. Себебі аталған инфроқұрылым бүгін ертең «Достыққа» келмейді дейді жауаптылар.

Бақдәулет Қалменов, «Қаратау» ауданы әкімдігінің маманы: «Шағал тастың қашан төселетінін әзірге нақты айта алмаймыз. Бірақ тендер ойнатылып, жуық арада шешуге тырысамыз. Мүмкін мамыр айында, мүмкін жазда қай компанияның шағал төсейтіні шешілер. Ал, су, жарық, көгілдір отын тағдыры әзірге белгісіз».

Айта кетейік, Достық шағын ауданының 70 пайызы коммуникациялық жүйемен қамтылған. Ал, қалған жұртшылық әзірге батпақты жолмен жүріп, ауыз суды тасып, сығырайған жарықпен күн көруге мәжбүр.

Назерке Үкібасова