129 млрд. теңге үнемделеді

87

Қаржы шенеуніктер мінетін қымбат көлік пен жиһаздарды сатып алудан бас тарту арқылы үнемделмек. Осыған жоспарланған 4 млрд. теңгеден астам сома енді басқа мақсатқа жұмсалады.

Сондай-ақ, түрлі форум, конференциялар да мемлекет қаржысына өткізілмейді. Ал жергілікті атқарушы органдардың іс-сапар үшін деп сұратқан 10 млрд. теңгесі де қазынаға қайтып, анағұрлым пайдалы дүниеге жұмсалмақ.

Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі: «Жалпы алғанда шығыстарды оңтайландыру бойынша жалпы сомасы 128,6 млрд. теңгеге ұсыныстар берілді. Оның ішінде мемлекеттік органдар 23 млрд. теңге, өңірлерден 26,6 млрд. теңге және квазимемлекеттік сектор субектілерінен 79 млрд. теңге».

Байқағанымыздай, ең көп үнемделген ақша квазимемлекеттік сектордың үлесінен алынып отыр. Үкімет басшысы бюджеттен тым көп қаржы сұрайтын осы сектордың шығындарын одан қысқару жөнінде тиісті шешім қабылдауды тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі: «Ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары директорлар кеңестері мен басқарма отырыстарының аясында ұсынылған шығыстарды қысқарту жөнінде тиісті корпоративті шешімдерді қабылдауы қажет».

Үкімет үнемдегісі келген 129 млрд. теңгеге жуық қаржының 37 млрдтай теңгесі өңірлерге қайта жұмсалады. Былтыр аймақтар республикалық қазынаға міндетіне алған мөлшерден көп табыс келтірген.

Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі: «Осыған байланысты республикалық бюджеттен фукнционалды трансферттер есебінен іске асырылатын жобалар бойынша өңірлердің қоса қаржыландыру үлесін жеті пайызға ұлғайту ұсынылады. Бұл республикалық бюджеттен 36, 9 млрд. теңге қаржыны босатады».

Шымкент қаласының бюджетінен 440 млн. теңге қысқарса, Түркістан облысының қаржы қоржыны 2 млрд. 223 млн. теңгеге кемиді. Алматы қаласының әкімдігі қымбат көлік пен жиһаз алуға және іссапарларға деп 14 млрдтан астам қаржы сұрапты. Оның барлығы да енді аталған өңірлердің мәслихаттарының шешімімен республикалық бюджетке қайтады. Айта кетейік, мемлекет қаржысын тиімсіз пайдалануды доғару туралы тапсырманы ел Президенті биыл 24 қаңтарда берген болатын.

Меруерт Ахан