5 үйді үптеп кеткен ұры қолға түсті

147

Түркістан облысы полицейлері 5 үйге ұрлыққа түсіп, ұялы телефон ұрлаған қылмыскерді құрықтады

Түзеу мекемесінде ұрлық жасап отырып шыққан күдікті, көп ұзамай қайта ұрлық жасап ұсталды. Нақтырақ айтсақ, Мақтаарал АПБ-не Мырзакент кентіндегі бір көшенің бойында орналасқан 5 үйдің тұрғындары шағым түсіреді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша белгісіз тұлға үйлеріне заңсыз кіріп ұялы телефондарын жымқырып кеткен. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 500 000 теңгеден асқан.Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелген.

Бірден 5 үйге кіріп, ұялы телефондарды ұрлаған күдіктіні ұстап, қылмысты ашу мақсатында полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Көше-көшені аралап, куәгерлерден сұрастырды. Мұқият жүргізілген іс-шаралар шеңберінде полиция капитаны Ержан Әбдіраманов күдіктіні келесі көшелердің бірінен 20 минут ішінде ұстады. Күдіктіден ұялы телефондар айғақты зат ретінде алынып, заңды иелеріне қайтарылды. Тергеу барысында анықталғандай күдіктінің істі болып, түзеу мекемесінен шыққанына көп болмаған. Алайда, бұрынғы жаман әдетіне қайта басып, ұрлық жасап үлгерген. Күдікті жергілікті тұрғын болып шықты. Ақша қажет болғандықтан, үйлерге заңсыз кіріп, ұялы телефондарын жымқырғаны белгілі болды.

Өз кезегінде ұялы телефондары жоғалып шулап қалған тұрғындар полицейлердің іскерлігіне тәнті болып, алғыстарын білдірді. Жұмыстарына сәттілік тілеп, ризашылықтарын жеткізді.

Түркістан облысы полицейлері тұрғындарға өздеріңіздің бағалы заттарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Тұрғын-үйлеріңіздің терезелеріне темір тор, есіктеріне мықты құлыптар жасатып, аулаларыңызға бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді.