Данабек Исабеков: «Шымкенттіктер 400 мыңға жуық электронды кілт рәсімдеді»

579
электронды кілт

Әлем мемлекеттерінде 28-қаңтарда – халықаралық дербес деректерді қорғау күні атап өтіледі. Айрықша дата Шымкентте де ескерусіз қалған жоқ. Сондықтан, ЭЦҚ кілтті дұрыс пайдалану және оны сақтау және өзге де жаңарған жүйелер жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиал директоры Данабек Исабековтен толығырақ сұрап-білдік.

Данабек Исабеков

– Данабек Ержанұлы, сұхбатымызды қазіргі қоғамда ең бір сұранысқа ие әрі қолданыстағы жүйеден бастайықшы, электронды цифрлық қолтаңбаның тиімділігі қандай? Бүгінде қанша шымкенттік электронды кілт рәсімдеді?

– Алдымен, осы жүйеге толығырақ тоқталайын. Электронды цифрлық қолтаңба – азаматтарға egov.kz, elicense.kz, enis.kz, salyk.kz сияқты электронды үкімет порталдарын пайдалануға мүмкіндік беретін электронды кілт. Жеке немесе заңды тұлғалардың барлық дербес мәліметтеріне жол ашатын цифрлық қолтаңбаны пайдаланудың және сақтаудың өз ерекшеліктері бар.
ЭЦҚ-ға тапсырысты pki.gov.kz сайтынан беріп, ХҚО-ға тек тұлғаны куәландыру үшін баруға болады. Алайда көпшілік электронды кілтті халыққа қызмет көрсету орталығынан алуды жөн көреді. 2019 жылы шымкенттіктер 400 мыңға жуық электронды кілт рәсімдеген.

– Ал егер азамат электронды цифрлық қолтаңбаны қайда сақтағанын немесе құпиясөзін ұмытып қалған жағдайда, не істеуі керек?

– Сауалыңыз өте орынды. Расында, «Азаматтар құжатқа электронды тапсырыс беретін кезде немесе декларация тапсырған сәтте ғана ЭЦҚ-ны пайдаланып, кейін оны қайда сақтағанын ұмытып, құпиясөзін естен шығарып жатады. Сөйтіп, ЭЦҚ кілтке қайта тапсырыс береді. Дербес деректер базасын қолжетімді ететін кілтті құнды дүниедей сақтап, мұқият болып, ЭЦҚ-ның құпиясөзін есте сақтау қажет. ЭЦҚ-ны пайдалану мәдениеті ең алдымен азаматтардың өзі үшін қажет.

– Электронды цифрлық қолтаңба қанша уақытқа жарамды? Оның куәлік чипына немесе флеш-картаға жазылуының (оны қолдану кезінде) қандай да бір айырмашылығы бар ма? Бұл жүйе арқылы алынған қызметтерді қалай бақылап, қадағалап отыруға болады?

– Көп жағдайда, ЭЦҚ рәсімдеген сәтте, ХҚО мамандары бірдей құпиясөз бекітіп береді, алайда қолданушы оны жеке кабинетінде кейін өздігінен жаңарта алады. Бүгінде жеке куәлік чипына жазылатын ЭЦҚ 3 жылға жарамды, оны пайдалану үшін арнайы картридер қажет. Флеш-картаға жазылып берілетін кілттің жарамдылық мерзімі – 1 жыл. Цифрлық қолтаңбаның уақыты өтпей тұрып, оны онлайн түрде pki.gov.kz сайты арқылы жаңартуға болады. Мерзімнің аяқталатыны туралы смс-ескертпені алу үшін жеке кабинетте ұялы телефон нөмірі байланыстырылуы тиіс. «Телефон нөмірі мен ЭЦҚ-ны сәйкестендірген азаматтарға электронды түрде алынған қызметтер бойынша хабарламалар келіп тұрады. Ол смс-тер бөгде қызметтердің алынбауын бақылап отыруға да мүмкіндік береді.

Қазақстандықтар өз атында қанша электронды кілттің барын egov mobile қосымшасынан көріп, керек жағдайда сол жерден оны қайтара шығаруға тапсырыс бере алады.

– EGov mobile қосымшасын пайдалануда қандай тиімділіктері мен ерекшеліктер бар?

– 2019 жылғы қазан айының басынан электрондық үкіметтің жаңартылған eGovmobile мобильдік қосымшасы іске қосылды. Мұнда мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік беретін жаңа қосымшаның бірқатар ерекшелігі бар. Барлығын рет-ретімен түсіндіріп өтсем, Жаңа атауы: eGov mobile. Мойындау керек, енді мемлекеттік қызметті алу тіпті оңай және ыңғайлы бола түсті. Иә, қосымша мемлекеттік қызметтерді алу процесін айтарлықтай жеңілдетті. Жетілдірілген eGovmobile қолданыстағы электронды-цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) 4 таңбалы PIN-кодқа немесе биометрия құрылғыларына (Face ID, Touch ID) тіркеп қоюға мүмкіндік береді. Бір рет электронды-цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) PIN-кодқа немесе биометрия құрылғыларына тіркеп алған қолданушы, жүйеге кіру және мемлекеттік қызмет алу кезінде ЭЦҚ таңдап немесе пароль енгізіп әуре болмайды. Енді азаматтарға ЭЦҚ-ның қажеттілігі жоқ. Біз ұялы телефонымыздың бұғатын саусақ ізімен немесе Face ID-мен шешуді үйреніп алуымыз керек. Дәл осылай бұл қосымшада да ЭЦҚ-ңызды өзіңіздің биометрияңызға тіркеп алып, мемлекеттік қызмет алу барысында сұрауды өзіңіздің Touch ID немесе Face ID-іңізбен растауға болады. Оның үстіне, ЭЦҚ-ны мобильді құрылғыларда пайдалану үдерісі жеңілдетілді. Бұған дейін ЭЦҚ смартфонға компьютер арқылы жүктелетін болса, қазір сертификатты қолданушының электронды поштасындағы хаттан бірден ұялы телефонға жүктеп алуға болады. Сондай-ақ қосымшаның өзінде ЭЦҚ-ны қалай жүктеуге болатыны туралы, авторизациядан өту және т.б. кеңестер бар, әр жаңа қызметке қадамдық нұсқаулық берілген.

– Бұл қосымша арқылы қанша және қандай қызметті алуға болады?

– Қазіргі уақытта қосымшада 31 қызметтер қолжетімді. Олар: базалық зейнетақы төлемін есептеу мөлшері туралы анықтама, бала тууына байланысты төлемдер және бір жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы, соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама, жылжымайтын мүліктің жоғы (бары) туралы анықтама және т.б. Қосымшаны AppStore және PlayMarket-тен жүктеп алуға болады.

– Ал енді көпшіліктің көкейінде жүрген сауалға ойыссақ, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыру жүйесі қалай жүзеге асады?

– Иә, азаматтар жүргізуші куәліктерін (ЖК) мамандандырылған ХҚО-ға бармай-ақ, кез-келген уақытта электрондық үкімет порталы арқылы ауыстыра алады. Бұл әдіс ұзын-сонар кезекте тұру мәжбүрлігінен құтқарып қана қоймай, уақытты үнемдеуге де мүмкіндік беріп отыр. Жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру қызметін алу оңай әрі жылдам. Алдымен еgov.kz порталына кіріп, электрондық өтінішті толтырып, электрондық цифрлық қолтаңбамен растау қажет. Өтінішпен қоса фотосурет және қойған қолының скан-суреті де жолданады. Жеке кабинетке құжаттың дайын болғандығы туралы хабарлама келген соң (мобильді азаматтар базасына тіркелген жағдайда хабарлама SMS түрінде келеді) мамандандырылған ХҚО-ға барып, дайын ЖК алып кетуге болады. Бөлімге барғанда, ауыстыратын ЖК, жеке басыңызды куәландыратын құжатты, өтініш пен баж салығын төлеу туралы электрондық чекті ұсыну қажет. Егер ЖК мерзімі өтіп кетсе, психиатрлық және наркологиялық диспансерден анықтама, 083-нысандағы медициналық анықтаманы апару қажет.

– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бұрын-соңды қолға алынбаған креативті жоба – «Онлайн неке» атты байқауды бастады. Бұл – қызықты әрі ел арасында цифрландыруды етене насихаттайтын жарыс екені анық, осы орайда байқау шарты мен жүлдегерлерге тағайындалған сый-тарту жөнінде толығырақ айтып берсеңіз?

– Иә, бұл өте қызықты әрі ұтымды жоба. Және бұл байқауға қатысу шарттары өте оңай. Ол үшін:
– Өздеріңіздің танысу хикаяларыңызды, некені тіркеуге онлайн-өтініш бергеніңіз және ХҚО-ға бармай-ақ мемлекеттік қызметті алғаныңыз жайлы толығырақ «Фейсбук» немесе «Истаграмм» желісіне арнайы пост жазып, әсерлеріңізбен бөліссеңіздер болғаны;
– ХҚО-ны (@gov4c.kz) сол жазбада белгілеп, байқаудың нәтижесі шыққанға дейін аккаунтты ашық қалдырыңыз.
Сайыс 14-ақпанда қорытындылап, 3 жеңімпаз таңдалады. Басты жүлдегер ең көп лайк саны бойынша анықталады. Тағы екі жеңімпаз дауыс беру әдісімен таңдалатынын айтқым келеді. Жүлдегерлерге тағайындалған тарту-таралғы әзірге құпия болып қалсын, бірақ жеңімпаздарға үлестірілетін жүлделер әрі пайдалы, әрі жағымды болады.

– Қоғамға, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қажетті әрі пайдалы сұхбатыңыз үшін көп рахмет!

– Осы орайда, Ел аумағына шұғыл әрі шынайы ақпарат жеткізіп, Шымкенттің өрлеп-өркендеуі жолында талмай-тынбай еңбек етіп жүрген «Отырар TV» медиахолдингіне – телеарна және сайт, «Оңтүстік Рабат», «Рабат» басылымдарына шығармашылық табыс тілеймін! Қаладағы қайбір жетістіктерге де ұжымның қосқан үлесі зор екенін тағы да ерекше атап өткім келеді. Сіздерге рахмет!

Сұхбаттасқан – Мөлдір Бекеева