Мақтааралда жылыжай шаруашылығында лимон өсірілуде

389

Негізгі экономикасын ауыл шаруашылығы құрайтын Мақтаарал ауданында 33,1 гектар жылыжай бар. Қазіргі таңда облыс әкімінің тапсырмасында көрсетілген жылына 2-3 рет өнім алу технологиясы осы жылыжайларда кеңінен қолданылуда. Бұл туралы аудандағы жылыжай шаруашылықтарын аралап жүрген ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалым Дүйсенбеков хабарлады.

Ғалым Мырзаханұлы типтік үлгіде салынған «Хамро ата» шаруа қожалығына тиесілі жылыжай шаруашылығына барды. Аумағы 7 гектарды құрайтын жылыжайдың 1 гектарында лимон, 3 гектарында қызанақ, тағы 3 гектарында қияр дақылдары өсірілуде.

1 гектар лимон алқабының арасындағы бос жерлерге қырыққабат өсіріліп, ақпан айының соңына қарай өнімдері нарыққа шыға бастайды. Осылайша 1 алқапта қатарынан 2 өнім өсіріп отқан қожалық жаңа технологиялардың арқасында мол табыс тауып отыр. Сондай-ақ, қырыққабат өнімі жиналып біткеннен соң мұнда күзгі қияр өсіріле бастайды және лимоннан да өнім алады.

Жалпы Үндістан, Үнді Қытай, Оңтүстік Қытайда өсірілетін цитрусты жеміс — лимонды баптауды мақтааралдық шаруалар да меңгеріп келеді. «Хамро ата» шаруа қожалығына тиесілі жылыжайда 700-ге жуық лимон көшеттері отырғызылған. Өткен жылдың күзінде қожалық лимоннан алғашқы өнімін жинаған болатын.