Шымкентте қытайлық кәсіпкерлерге қатысты сот үкімі шықты

416
сот үкімі

Шымкентте көші-қон туралы заңды өрескел бұзып:шетелдік жұмыс күшін тартудағы тиісті төлемнен жалтарған қытайлық қос кәсіпкерге қатысты сот үкімі шықты.

Үшінші мегаполис аумағына Қытай Халық Республикасының 31 азаматын заңсыз әкеліп, жұмысқа жеккен «Sin Yan Stell» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының кінәсі дәлелденді. Енді ол Қазақстан бюджетіне 6 миллион теңдеген астам қаржы төлеуге міндеттелді. Ал оның орынбасары ақталып шықты. Үкім Еңбекші аудандық сотында оқылды.

Қайрат Ізбасаров

Қайрат Ізбасаров, Еңбекші аудандық сотының судьясы:»Чжу Цзунбяо ҚР ҚК-нің 394-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған жаза ретінде 2 500 (екі мың бес жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 6 012 500 (алты миллион оны екі мың бес жүз) теңге айыппұл тағайындалсын. Ал оның орынбасары Кэ Цзядонг ҚР ҚК-нің 394-бабының 2-бөлігі бойынша кінәсіз деп танылсын, оның іс-әрекетінде қылмыс құрамы болмауына байланысты ақталсын».

Еске салайық, Қытай Халық Республикасының азаматы, жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры «Оңтүстік» индустриялық аймақта металл өңдеу зауытын ашуды көздеп, құрылысын бастап, оны аяқтау үшін өз отандастарын алдыртқан. Осылайша, 31 қытайлық азамат Қазақстан аумағына 2018 жылдың 11-ші ақпаны мен 24-ші қараша аралығында Алматы қаласының халықаралық әуежайы арқылы келген. Заңсыз көші-қон ұйымдастырған басшы әуежайдан оларды күтіп алып, Шымкенке жеткізіп отырған. Жұмысшыларды жатын орын және тұрақты жалақымен де қамтыпты. Бірақ, қылмыстың ізіне түскен алматылық полицейлер көп ұзамай заңсыз әрекетті әшкерелеген еді.

Мөлдір Бекеева