Былтыр Шымкентте 524 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш өсімі жағынан республикада Түркістан және Алматы облысынан кейін алғашқы үштіктің қатарында. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің есептік жиынында айтылды.
Жалпы өткен 3 жылда 1,3 млн. шаршы метр тұрғын үй салынған. Соның ішінде өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 2 836 пәтерлі 53 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 450 көпбалалы отбасы, 242 халықтың әлсіз топтары, 904 жастар баспанамен қамтылды.
Дегенмен, халық санынынң жылдам өсуіне байланысты баспана мәселесі өзекті болып тұр. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 140 мың азамат тіркелген болса, оның ішінде 5 мыңы көпбалалы отбасылар. Осыған байланысты биылдан бастап Шымкентте тұрғын үй құрылысы қарқынды жүретін болады.
Негізгі құрылыс – Шымкент сити, Тұран, әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында салынады. Яғни, алдағы үш жылда 32 816 пәтерлі 652 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарлануда. Оның ішінде биылғы жылы 12 117 пәтерлі 227 тұрғын үйдің құрылысы жүреді. Жоспар бойынша 4 640 пәтерлі 89 тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Мақпал Рысбаева