Түркістанда «Арай-2020» байқауы өтті

418

Бүгін Түркістан қаласындағы Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театрында «АРАЙ-2020» жас эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілері байқауының қорытынды кезеңі басталды.

1995 жылдан бері өткізіліп келе жатқан байқау ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.

Ондағы мақсат – ақын шығармаларын жастар арасында кеңінен насихаттап, жас талант иелерінің өнеріне қолдау білдіру болатын.

Байқаудың деңгейін көтеріп, әділ өтуін қамтамасыз ету мақсатында халықаралық және республикалық театр фестивальдерінің жүлдегері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, Астана жастар театрының актеры Әділ Ахметов, облыстық «Арай» жас ән орындаушылар байқауының 1996 жылғы гран-при иегері, халықаралық «Азия – дауысы» фестивалінің жеңімпазы, әнші Бауыржан Исаев арнайы шақыртылыпты.
«Менің де өнердегі алғашқы қадамым осы фестивалден бастау алған. Сондықтан қазылар алқасына мүше болу жөніндегі ұсыныс түскенде ерекше толқыдым. Бір жағынан үлкен жауапкершілік жүктелгенін сезіндім. Міне, бүгін осы байқаудың әділ-қазылар алқасының мүшесі ретінде нағыз талант иесін анықтауға келіп отырмыз. Қазақта «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген қанатты сөз бар. Сондықтан барша қатысушы үміткерлерге сәттілік серік болсын дегім келеді», – деді байқау алдындағы баспасөз мәслихатында сөз алған Бауыржан Исаев.

Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Асылхан Темірхан байқаудың негізгі мақсатына тоқталып, мұндай шаралардың жас таланттардың ерте әрі тез танылып, республикалық, халықаралық байқауларға қатысуына жол ашатындығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол әділ-қазылар құрамы мен барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, алдын-ала Түркістан облыстық мәдениет басқармасымен бекітілген байқау қағидаларына сәйкес 3-5 ақпан аралығында облыс аумағындағы аудан, қалаларында өткізілген іріктеу кезеңіне 294 үміткер қатысып, 38 үміткер соңғы кезеңге жолдама алған. Бүгін осы үміткерлер өзара кім мықтыны анықтайтын болады. Байқау қорытындысы бүгін кешке жарияланып, соңы жеңімпаздардың марапаттау рәсімі мен гала-концертке ұласпақ.

 

QAINAR KÓZТүркістан облыстық мәдениет басқармасының баспасөз қызметі