Жәрдемақы аламын деп өз ақшаңыздан айырылып қалмаңыз!

140

«Мүйіз сұраймын деп, құлықтан айырылыпты». Шымкентте көпбалалы аналар жәрдемақы әперемін деген алаяқтардың құрбаны болып жатыр. Жәрдемақы алудың орнына, қалтасындағы ақшасынан қағылғандар қазіргі уақытта полицияға шағымдануға көшкен. Ал алаяқтардың ұсталғаны, сот үкімімен сотталғаны да бар. Алайда, аналардың аңғалдығын пайдаланғысы келетіндер әлі де тиылмай тұр.

Осыдан бірер күн бұрын ғана қолға түскен 30 жастағы келіншек көпбалалы анаға 500 мың теңге жәрдемақы алуға көмектесемін деп тамыз айында 30 мың теңгесін алып кеткен. Уәде етілген жәрдемақыны күтіп шаршаған ана ақыры полицияға арызданыпты.

Әсел Сәденова, Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі: «Бұл жайт ҚР ҚК-нің 190 бабының 1-бөлігі – «алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген».

Сұраныс бар жерде заңсыз болса да, ұсынылатын қызмет те бар. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғалы аналардың аңғалдығын пайдаланғысы келетіндер көбейген. Өткен жылдың өзінде бір ғана Қаратау ауданында әлеуметтік көмектен дәмелі 100-ге жуық ана алданып қалған. Аяғында жәрдемақы аламын деп қалтасындағы қаржыдан айырылды. Тұрғындарға келтірілген жалпы шығын мөлшері – 19 миллион теңгеге жуық. Прокуратура қылмыскердің торуылдайтын «ошақтарын» да атап берді.

Данияр Сұлтан

Данияр Сұлтан, Қаратау аудандық прокуратурасының прокуроры: «Бұл салада көбінесе көпбалалы аналар, жас аналар және білім мен медицина саласының қызметкерлері алданады. Сол сияқты алаяқтар халыққа қызмет көрсету орталығы мен түрлі мемлекеттік мекемелер алдында өздерін делдал ретінде қызмет көрсететін адамдар ретінде таныстырып, қылмыстық қызмет көрсету түрлерін жалған құжаттарды жасау жолымен атқарады және көрсетеді».

Ал осы кезде аналарды алдаған алаяқтың бірі сотталып та үлгерді. Бір келіншек 51 әйелді сан соқтырып кеткен.  Осыдан кейін әйелдер арасындағы түсіністік туралы ойланып сөйлеу керек шығар. Осынау қылмысты тізбектеп шыққан прокурорлар көпбалалы аналарды атаулы әлеуметтік көмекке құжат рәсімдеуде делдалға емес, заңға жүгінуге шақырады.

Мөлдір Бекеева