ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады.
«Құрметті қазақстандықтар!
Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы белгілеген бұл мейрам – өзара құрмет пен сенімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі. Қазақ жұрты қиын-қыстау кезеңде амалсыз қоныс аударған миллиондаған адамның құтты мекеніне айналды. Олардың өздері де, ұрпақтары да жерімізден пана тауып, өсіп-өніп, Қазақстанның дамуына зор үлес қосты.
Бұл күні біз елді өркендететін тату тіршілік пен жарасымды сыйластық жолындағы ниетіміздің тоғысқаны үшін бір-бірімізге алғыс айтамыз. Тәуелсіздік кезеңіндегі табыстарға береке-бірліктің арқасында ғана қол жеткіздік.
Бұл – егемен еліміздің баға жетпес байлығы. Сондықтан бұл қастерлі құндылықтар әрдайым айнымас темірқазығымыз болып қала береді. Ішкі саяси тұрақтылық – әрбір қазақстандықтың зор жауапкершілік пен белсенділік танытуының нәтижесі.
Еліміздің барлық азаматтарына Қазақстанды дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Әр отбасына амандық пен игілік тілеймін!».