Мерекеде сыйлық алған мемлекеттік қызметкерлер жазаланады

428
Мемлекеттік қызметкерлер

Алдағы мерекелер қарсаңында сыйлық алған мемлекеттік қызметкерлер жазаланады.

Тіпті оларға қылмыстық жауапкершілік көзделіп, салынатын айыппұл көлемі де артып отыр. Маңызды ақпаратты ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшылығы мәлімдеді.

Айтуларынша, сыйлықты немесе қарапайым тәттілер себетін қабылдау сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және мемлекеттік қызметшінің әдебін өрескел бұзу ретінде бағаланады.

Нариман Қасымбеков

Нариман Қасымбеков, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті алдын алу басқармасының басшысы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамамен лауазымды тұлғаға құны 2 АЕК-тен (5 302 теңге) аспайтын сыйлық бергені үшін 200 АЕК (530 мың 200 теңге) көлемінде, ал мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық алғаны үшін 600 АЕК (1 млн. 590 мың 600 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл қарастырылған. Құны 2 АЕК-тен жоғары сыйлықтар қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін».

Ал егер мемлекеттік қызметші білмей келiп түскен, сондай-ақ ол тиiстi қызметін атқаруына байланысты алған сыйлықтар жетi күн мерзiмде арнаулы мемлекеттiк қорға өтеусіз тапсыруға жатады, ал мемлекеттік қызметшіге нақ сондай мән-жайларда көрсетiлген қызметтер үшiн ол республикалық бюджетке ақша аудару жолымен ақы төлеуге тиiс екен.

Сонымен қатар, мемлекеттiк қызметшінің отбасы мүшелерi осы адам қызмет бабында солармен байланысты болатын жеке және заңды тұлғалар есебiнен сыйлықтарды және көрсетілетін қызметтерді, туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруларды қабылдауға құқылы емес.

Мөлдір Бекеева