Шымқалалықтар бірнеше күн пайдалануға болатын бетперделер тігіп жатыр

457

Әлемді дүрліктірген коронавирус шымкенттіктерді жаңа бизнес түрін қолға алуға мәжбүр етті. Әдетте тек киім-кешек тігетін тігін фабрикалары енді медициналық бетперде тігуге кірісті.

Үшінші мегаполистің өнімдеріне еліміздің өзге аймақтары да тапсырыс беріп отыр. Қорғаныс құралдарының тапшылығын болдырмау үшін қалада жасалып отырған шаралар ауқымды.

Бұл еліміздегі медициналық қорғаныс құралдарына қажетті маталатар шығаратын ең ірі өндіріс орны. Шикізаттарға еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыстар түсуде. Сұраныс күн санап артып келеді. Сондықтан да жұмысшылар күндіз-түні екі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр.

Маталарды дайындауға қажетті шикізат Мырзакенттен жеткізіледі. Кәсіпорын өкілдері мақтадан тапшылық жоқ дейді. Фабриканың дәке, бөз маталарына Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Ақтау қалаларынан тапсырыс қабылдануда.

Фабрика айына 1 млн. 400 мың шаршы метр мата дайындауға қауқарлы екен. Жергілікті тігін фабрикаларында медициналық маскалар тігетін цехтардың жұмысы қыза бастады.

Шымкентте шығарылып жатқан бетперделерді жуып, үтіктеп, бірнеше күн бойына пайдалануға болады екен. Қаладағы ең ірі кәсіпорынның 250 жұмысшысы күніне 500 мың маска дайындауға жұмылдырылған. Өндісі орнындағылар отандық шикізаттан тапшылық жоқ алайда, медициналық қорғаныс құралдарын тігуге қажетті Ресейден әкелінетін қосымша жабдықтар жеткіліксіз дейді.

Баян Катпина, инженер-технолог: «Резиналар жеткіліксіз. Шекара жабық болғандықтан, дифицит байқалады. Резиналармен жасалған маскалар өте ыңғайлы, сұраныс зор болатыны сондықтан. Енді байланатын маскалар шығарамыз».

Бұл медициналық қорғаныс құралдары ертеңнен бастап жергілікті дәріханаларға жеткізілетін болады. «Отандық өнімдер сауда орындарына шығарыла бастағанда қалада маскалардың тапшылығы болмайды» дейді билік өкілдері. Сұраныс күн санап артып отырған бұл тауарлардың бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік туады.

Мақпал Рысбаева