Жетісай ауданы Атамекен ауыл округі Жемісті ауылының тұрғыны Ербол Исхақов 5 баланың әкесі. Бүгінде жары Гүлсінай екеуі ауылдағы бұрынғы ескі мектептегі жатаққананың екі бөлмесінде тұрып жатыр. Әйелі жұмыссыз яғни үй шаруасы мен бала күтімінде.

2010 жылы отау көтерген олар атаулы әлеуметтік көмек алмай жүргенде қатты қиналғандарын жасырмайды. Тапқанымыз күнделікті шай пұлдан артылмайтын, былтырдан бастап үйімізге береке кірді дейді отағасы. Атаулы әлеуметтік көмектің арқасында 500 мың теңгеге жуық қаржы алып, өзінің армандап жүрген дәнекерлеу аппаратын барлық керек-жарағымен сатып алыпты. Бүгінде ол ауыл тұрғындарынан түрлі тапсырыс қабылдап, аула қақпасын, жиһаздарын жасаумен айналысады. Тіпті үй ішіне кәріз жүйелерін орнатып та табыс табады.

«Атаулы әлеуметтік көмектің арқасында өзім көптен бері қол жеткізе алмай жүрген құрал-саймандарымды сатып алдым. Қазір соның арқасында тұрмысымыз түзеліп, табысымыз арта бастады. Айына шамамен 100-150 мың теңге табамын. Мәселен, бір дарбазаны 150 мың теңгеге жасап берсем, кеткен шығыннан бөлек 50 мың теңгедей табыс қалады»,- дейді Ербол Исхақов.

Ерболдың ендігі арманы – үй ауласынан желімдеу цехын ашу. Ол үшін 1 млн теңге қажет екен. Жақында Ербол осы бизнес идеясын іске асырмақ ниетпен Жетісай аудандық кәсіпкерлік палатасына үш айлық оқуға барғанын айтады. Егер осы үш айлық оқуға қабылданып, мемлекеттен қаражат алып, іс бастасам, ауылдағы 3-4 жігітті жұмыспен қамтитын едім дейді. Сондай-ақ, ол ауылдан жер сатып алып, баспана тұрғызуды да жоспарлап отыр.