Блок бекетті «бұзып» өтпек болған жүргізуші қамауға алынды

210

Шектеу шараларының мерзімі ұзарған сайын шымкенттіктердің шыдамы таусылып барады. Қалада карантин енгізілгелі шаһарда 600-ден астам азамат жауапқа тартылған. Ал тосқауыл бекетін «бұзып» өтпек болған бір жүргізуші тіпті ұзақ мерзімге сотталуы да мүмкін.

Шымкентте карантин режимі делінгенімен, ондағы тәртіп-ережені ескермейтіндер әлі де бар. Тәртіп сақшылары кешқұрымғы уақытта Айбергенов көшесінен екі азаматты ұстады. «Ескі қалашықта» тұратын 24 және 28 жастағы жігіттер қаланың басқа бөлігінде неліктен жүргенін өздігінше түсіндіруге тырысты.

«Нан әкелуге көшеге шықтым. Қалдаяқов көшесіндегі дүкендер жабық болғандықтан, осы Айбергеновтен дүкен іздеп кеттім. Енді тәртіпті бұзғаным үшін өкініп отырмын», – дейді тұрғын.«Нан іздеп көше кездік»,- деген жігіттердің желеуі бұл жолы өтпей қалды. Карантин режиміне бағынбағаны үшін екеуі де заңға сай, жауапқа тартылды. Біріне – ескертпе берілсе, екіншісі 2 тәулікке қамалды.

Ал тағы бір азамат «Бадам-Шымкент» тас жолындағы №10 тосқауыл бекетін «бұзып» өтпек болғаны үшін қамауға алынды. Онысымен қоймай, 43 жастағы Көкбұлақ ауылының тұрғыны блокбекетіндегі полиция қызметкерін көлігімен 400 метрге сүйреп кеткен. Салдарынан, тәртіп сақшысы ауруханаға түсті. Ал жүргізушінің көлікті мас күйде басқарғаны белгілі болды. Тергеу соты оның әрекетін ауыр санаттағы қылмыс деп танып, әзірге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беріп отыр.

Сержан Айнабеков, Шымкент қаласы тергеу сотының судьясы:»Тергеп-тексеру органымен ҚР ҚК-нің 380 бабы 3-бөлігінің 9-тармағымен күдіктелген Дилдабеков А.Н-ке бұлтартпау шарасы ретінде 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі санкция берілді. Күдіктіге ешқандай кепіл мөлшері айқындалмады».

Айта кетейік, бүгінде қаламызға карантин режимі енгізілгелі тұрғындар тарапынан 600-ден астам құқықбұзушылық тіркелген. Ал Шымкент қаласы шекаралас жатқан аумақтарға 18 блокбекет қойылған болса, қала ішінде 19 тосқауыл бекеті бар. Бұл бекеттердің өзінде 28 заңсыз әрекет фактісі тіркеліп, іс сотқа жолданып отыр.

Мөлдір Бекеева