Шымкентте такси қызметіне сұраныс артты. Қоғамдық көліктер тоқтағандықтан, тұрғындар діттеген жерлеріне бару үшін таксиге отыратын болды. Клиенттері көбейген таксистер карантин шектеулерін пайдаланып, бағаны шарықтатып жібермей ме? Баға нарығына реттеуде билік өкілдерінің құзыры қаншалықты?
Шымкентте такси қызметінің нарығында бәсекелестік зор. Қалада жүйткіген такси көп. Дегенмен, тұрғындар карантин күшейтілген алғашқы күні діттеген жерлеріне уақытында жете алмай қалғандарын айтады. Таксиді ұзақ күтіп қалған жолаушылар бағада да айырмашылық байқалады дейді.
Ал таксистер барлық жолаушыға үлгеру үшін барымызды салып жатырмыз дейді. Таңертең, кешкі уақытта тапсырыс көп болады екен. Осы кезде клиенттерін көп күттіріп қоятындарын да жасырмайды. Ал бағаны көтеруге ешқандай негіз жоқ дейді тексистер.
Үкімет бүгінде такси нарығындағы бағаны реттеуге араласа алмайды. Баға көбінесе қызмет көрсетуші мен қызмет алушының арасындағы келісім аясында реттеледі. Соған қарамастан қала билігіндегілер автобусты тоқтату туралы шектеулерге дейін такси компанияларының басшыларымен бағаны тұрақтандыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіздік дейді.
Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Біз сенбі күні такси компанияларының басшыларымен сөйлестік. Олар түсіністік танытып отыр. Баға бақылауда болады».
Баға да, санитарлық талап та маңызды. Карантиннің күшейтілген шектеулеріне сай таксиде бір жолаушыдан артық болмауы тиіс. Қала әкімінің орынбасары шаһарда жолаушыларға қызмет көрсетуге рұқсат алған компаниялардың жұмысын қатаң қадағалаймыз дейді.
Мақпал Рысбаева