Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты бірнеше мекемелер қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Солардың қатарында Шымкент қаласындағы ХҚКО мекемелері де бар.
Кейіпкеріміз Шыңғыс Смайыл – Абай аудандық ХҚО маманы. Бүгінде қызметін үйде жалғастырып, қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн алу жөнінде кеңес беріп келеді. Осылайша, 1414 байланыс орталығына келетін қоңырауларға таңнан қара кешке дейін үйінде отырып-ақ жауап беріп, арасында балалардың сабағына да көңіл бөліп үлгереді екен. «Күніне кемінде 200-ден аса қоңырау келіп түседі. Қазіргі елімізде орын алып жатқан жағдайға байланысты 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, кеңес сұрап жүгінетін қызмет алушылар көбейді. Мемлекеттік қызмет түрлері бойынша қолымыздан келгенше жедел түрде ақпарат беріп, сұраныстарын қанағаттандыруға тырысамыз. Себебі күніне кемі 200-дей қоңырау түсетін болса, оның артында өздерін мазалаған сұрақтары бойынша хабарласып отырған халық отыр. Уақыт – алтыннан да қымбат»,- дейді Шыңғыс.Шыңғыстың аяулы жары Шолпан білім саласында еңбек етіп, талай шәкірт тәрбиелеген білікті педагог. Бүгінде екеуі 1 бір ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Отбасы құндылығын құрмет тұтатын жұбайлар балаларына жақсы тәрбие беруде. Қазіргі кезде ел аумағына енгізілген төтенше жағдай, сондай-ақ Шымкенттегі карантинге байланысты бұл жанұя үйде отырып-ақ қызмет етіп, перзенттері мектеп бағдарламасы бойынша сабақ оқып, сауатын арттыруға көшкен. Айта өтетін ақпарат, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрған Call-орталықтарда 1414 бірыңғай байланыс орталығының жұмысын күшейту үшін 2366 қызметкер тартылған. Оның 142-сі Шымкенттегі ХҚКО мамандары. 95-і үйде отырып-ақ ұялы телефон арқылы кеңес берсе, 47 маман бейнеқоңырау арқылы көрсетілетін қызметті алушыларды бейнеидентификациялау үшін жұмылдырылып отыр.
Мөлдір Бекеева