Бір пәтердегі жөндеу бүтін үйді бүлдіруі мүмкін

129

Көпқабатты үйде басталған құрылыс бүтін үйді бүлдіруі мүмкін. Арнамызға осылай деп арызданған Н.Төреқұлов көшесінің тұрғындары көршілерінің қылығына наразы.

Сөздеріше, ортаңғы қабатта басталған жөндеу жұмыстары онсыз да апатты үйді құлатуға апарады. Бірақ, көптің сөзі әлі күнге дейін жауаптыларға жетпей жатыр екен.


Бұл Н. Төреқұлов көшесіндегі 204 үйдің тұрғындары. Мұндағы жұрттың есік ауласына жиналуы 3 айдан бері жиілеген. Талқыға түсетін негізі тақырып екінші қабатта басталған құрылыс. Қабырғаны алып тастап, күрделі жөндеуге кіріскен үй иесінің бұл шешімін тұрғындар құптамайды. Онсыз да апатты үйдің бұдан кейін тіпті қақырауы мүмкін деген олар көршінің ешкімге құлақ аспай жүргенін айтады.


Бірақ, елдің бұл үрейін пәтер иесі мүлдем түсінбейді екен. Көптің арызын мағынасы жоқ шуға балаған ол ешкімнен рұқсат алмағанын айтады. Ал, егер бастаған құрылысының кесірінен 40 жылдық бүтін бір үй құласа өтемін төлеуге дайынмын деп отыр.

Араз тұрғындардың арасына шенділер де араша бола алмапты. Айдың күннің аманында қирандының астында қаламыз ба деген елдің арнайы мамандарға жүгінуден басқа амалы қалмапты. Сөйтіп бүтін қабырғаны алып тастаған үй иесінің әрекетін тексеруге мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасының маманы келді.

Назерке Расылханова,  мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы: «Тұрғындар бізге кеше шағымданды. Енді тексеру жұмыстарын бастаймыз. Содан кейін ғана пәтер иесінің бастаған жөндеу жұмыстары қаншалықты заңды, заңсыз екені белгілі болады».

Жағдайдың басы қасында жүруге Еңбекші аудан әкімдігі де кірісті. Осылайша, қырық кісінің арызына құлақ аспаған қыңырдың қылығын енді арнайы мамандар тексеретін болды. Құрылыстың қаншалықты заңды, заңсыз екені тексерістен соң анықталады.

   Назерке Үкібасова