Карантин шектеулері шымкенттік аграрларға да оңай тиіп жатқан жоқ. Шекаралардағы тосқауылдар мен сауда орындарындағы қысқарған жұмыс уақыты кері әсер етіп, өнімдерін өткізе алмай алмай қалды.
Салдарынан жұмыс орнын қысқартып, өндіріс көлемін кемітуге мәжбүр болдық дейді ауылшаруашылығы саласының өкілдері. Бүгін әкімдіктегілер журналистерге карантинге қарамастан тырмысып жұмысын тоқтатпаған қаладағы агронысандарды таныстырды.
Шымкенттік Валерия Димидованың омарташылықпен айналысып жатқанына биыл 13 жыл. Ол бал ара шаруашылығын дамытуға мемлекеттен қаржылай көмек алған. Алыс-жақын өңірлерге асыл тұқымды аналық аралардың өнімін сатады. Жылына 100 тоннадан астам бал өндіретін омарташылар өнім көлемін биыл бірден 50 пайызға кемітуге мәжбүр болды.
Валерия Демидова, омарташы: «Биыл Ресейге небәрі екі ақ рет өнім жібере алдық. Оның өзінде шекарадағы тосқауылдардан аналықтардың көбісі жолда өліп қалды. Жоспарымыз жылдағыдай болмай тұр».
Құс фермасындағылар үшін де карантин оңайға соққан жоқ. Жылда осы уақытта қыз-қыз қайнап жататын шаруашылықты қазір қожайыны әупірімдеп әрең жүргізіп жатыр. Нарықтың бүге-шігесіне дейін зерделеген шаруашылық басшысы Ким Климент қазір сұранысқа ие гибридті құс еттерін өндіріп жатыр. Дегенмен, өтімді тауардың өзін өткізу қазір мұң болып тұрғанын жасырмайды.
Климент Ким, «ККК» ЖШС директоры: «Біз мүлде тоқтап қалғанбыз. Қазір ақырындап бастап жатырмыз. Карантинге дейін 8 тонна өнім өндірген болатынбыз. Өнімдерді өткізіп жүрген, цехтар мен кафе-ресторандар жабылып қалды. Барлығын туған-туысқа, жұмысшыларға тегін тараттық. Енді бәрін қайта бастауымыз керек».
Ал ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері төтенше жағдай кезінде шаруаларға бірқатар мемлекеттік қолдаулар көрсетілді дейді. Аграрларға сауда қатарларынан тегін орындар бөлініп, салықтық жеңілдіктер жасалыпты.
Жәнібек Тоғай, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы: «Базарлардан, сауда орталықтарынан арнайы орындар қарастырылды. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріледі. Жан-жақты қолдау болады».
Айта кетейік, Шымкентте қазір мал шаруашылығын дамытып, өнім көлемін арттыру мақсатында 2,3 млрд. теңгені құрайтын инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Жыл соңына дейін салада 210 жаңа жұмыс орындары ашылатын болады дейді басқарма өкілдері. Салаға жауаптылар қаржылай дағдарыс кезінде агрларларды қолдауға әлі де күш саламыз деп отыр.
Мақпал Рысбаева