«Отырар» медиахолдингінің негізін қалаушы Валентина Куликова — 76 жаста

170
Валентина Куликова

Бүгін «Отырар» медиахолдингінің негізін қалаушы, Шымкент қаласының Құрметті азаматы, «Достық» орденінің иегері — Валентина Куликованың туған күні. Қазақстандағы телевизия саласына сүбелі үлесін қосқан Ұлағатты ұстаз, бейнетінің зейнетін көріп отырған тұлға биыл 76 жасқа толып отыр.

Валентина Куликова

«Отырардың» телеарна ретінде тәй-тәй басып аяққа тұруы, араға жылдар салып құрыш қамалға айналуын көпшілік дәл осы азаматшаның ерен еңбегімен байланыстырады. Бұл бекер емес, себебі телеарнаның бір емес, бірегей медихолдингке айналып, сондай-ақ, республика көлемінде кәсіби журналистердің мектебі — шеберханасы ретінде қалыптасуын құнттаған — Валентина Куликова. Бүгін, 11-мамыр — талай журналист тәрбиелеген ұстаз, елдің алғысын арқалаған тұлғаның туған күні…

Қызметте қандай — қатал болғанымен, жүрегі — жұмсақ, жанары — мейірімге толы, жаны-нәзік, сұлулықты сүйеді. Адалдық пен әділдікті ту етіп, қоғамдағы әлеуметтік, қайбір қордаланған мәселенің шешілуіне атсалысқаны, талай толағай жобалардың жетекшісі болғанын көзі қарақты көрермен, жергілікті жұрт жақсы біледі. Ал оның жанындағыларға қамқорлығы мен жанашырлығы — бір төбе. Олар оны ұмытпақ емес.Оның отбасы — «Отырар», ұл-қыздары, жанының жұбанышы, қуанышы — шәкірттері. Талай биік белестер мен асар асуларды алғанда жас балаша шаттанып, қолдап-қуаттап, жігерлендіруден жалықпайтын жан.

Бүгінде жасы 76-ға толып, құрметке бөленген — Валентина Куликова телевизия саласына сүбелі үлесін қосқан ұлағатты ұстаз ретінде көрермен мен көптің жүрегінде жасай бермек.

Мөлдір Бекеева