Шымкентте алты мекеме жалақы төлей алмай отыр

169

Шымкентте алты мекеме жұмыскер алдындағы жалақысын төлей алмай отыр. Бұл туралы бүгін қалалық еңбек инспекциясы көші-қон басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов мәлімдеді. Айтуынша, 37 жұмыскер «маңдай ақы, табан теріне» қол жеткізе алмаған.

Шымкентте жалақы қарызы әлі де өзекті күйде қалып отыр. Мекемелердің жұмысшылар алдындағы борышы 4 млн. теңгеге жуықтаған. 40-қа жуық жұмыскер «маңдай ақы, табан теріне» қол жеткізе алмай отыр. Салаға жауаптылар қазір еңбеккерлер жалақысын өндіруде тиісті шаралар атқарылып жатқандығын айтады.

Басқарма басшысы жуырда ғана 130 -дан астам өзгерту енгізілген еңбек кодексінің толықтыруларын да түсіндірді. Бұрын жұмыс істеп жүріп әскери қызметке шақыртылғандар еңбек шартын тоқтатуға мәжбүр болса, қазіргі заңнамаға сәйкес жұмыс беруші мұндай азаматтардың жұмыс орнын сақтап қалуға міндетті болады.

Бұдан былай осыған дейін өтемақы төлеумен шектеліп еңбеккерді кез-келген уақытта жұмыстан босататын жұмыс берушілерге қатысты талаптар да күшейтіліп отыр.

Бауыржан Қалжанов, Шымкент қалалық еңбек инпекиясы көші-қон басқармасының басшысы: «Еңбек шартында жұмыскермен келісім бойынша хабарлама бермей-ақ, өтемақы төлемін жүргізіп, жұмыс берушіге еңбек шартын тоқтатуға мүмкіндік берген 50-баптың 3-тармағы алынып тасталған».

Айта кетейік, жыл басынан бері инспекция өкілдеріне еңбек қатынастарына қатысты бас-аяғы 400-ге жуық арыз-шағым келіп түскен. Кемшіліктер көбіне білім, күзет, құрылыс салаларында жиі орын алады екен.

Мақпал Рысбаева