Шымкентте тойханалар қашан ашылады?

1762

Шымкенттік тойхана иелері қала әкімінің орынбасарымен кездесті. Шығынға белшеден баттық деген олар жұмыстарының тезірек басталғанын қалайды. Келетін қонақтарды 200-ден асырмаймыз деген кәсіпкерлер карантиннің бар талабын орындауға дайын отыр. Алайда, қатерлі дерт Шымкентте күннен күнге өршіп барады. Осыған қарамастан қалада тойханалар ашыла ма?

Бұған дейін әкімдік алдына жиналған Шымкенттегі тойхана иелері бүгін тағы да бас қосты. Бұл жолы олар қала әкімінің орынбасарымен жүздесуге келген. Бар талаптары 3 айдан бері тұралаған той кәсібіне рұқсат алу. Шығынға белшеден баттық деген олар бұдан әрі шыдамаймыз деп отыр.

Тойхананы карантин талабына сай ашамыз деген кәсіпкерлер 200 адамнан артық жинамауға да келісім берді. Айта кетейік, Шымкентте 100-ге жуық тойхана бар. Оның әрқайсысында ай сайын 15 той өткізіліп келген. Жалпы ивент саласында үшінші мегаполисте 6000 адам нәпақасын табады екен.

Әбдіманап Төлебаев, қалалық Тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау департаментінің басшысы: «Сіздерге ешқандай қарсылығымыз жоқ. Тек халықтың жағдайы қиындап кетеді. Қазақстан белгілі ғой той жасаса кемі 400 қонақ шақырады. Олар әр қаладан келеді. Вирус жұқтырса, оларды тағы іздеу керек. Бір жұмысқа екінші жұмыс қосылады. Басқа қалаларда карантин режимі күшейтіліп, жатқанда сізде тойхана ашуды сұрап отырсыздар».

Ал, қала әкімінің бірінші орынбасары мен бас санитар дәрігер той өткізуге әлі ерте екенін айтады. Себебі, Шымкентте инфекция жұқтырғандар көрсеткіші әлі де төмендемей тұр. Қайта күннен күнге асқынып бара жатқан дерт тойханалар ашылып, қайта асқынып кетуі мүмкін дейді жауаптылар.

Ербол Садыр, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Сәуір, мамыр айларында күніне 1-2 адамның инфекция жұқтырғаны анықталатын еді. Төтенше жағдай режимі тоқтатылысымен науқастар саны күрт өсіп кетті. Бір күнде 80-90 адамнан тәжівирус табылатын болды. Енді тойханаларды ашсақ, жағдай асқынып кетеді. Сондықтан да сабыр сақтауды сұраймыз».

Тойхананың ашылуына тұрғындар да асық емес екен. Шымкенттіктер сөзінше тойлар тоқтап жұрттың ақшасы үнемделе бастаған. Той-тойлаудан, кәсіп ашуға көшетін уақыт келді деген мегаполистіктер шетелге өнім шығару керектігін айтады.

Қала тұрғыны: «Той тоқтап, ақшамыз да үнемделе бастады. Негізі ашылмай-ақ қойса да реніш жоқ. Одан да кәсіп ашып, шет елге экспорт жасағанымыз жақсы емес пе?! Өз басым тойды еш күтіп жүрген жоқпын».

Айта кетейік, карантин режимі Шымкентте 22 маусымға дейін ұзартылды. Осы уақытқа дейін тойханалардың ашылмайтынын қаланың бас санитары бұған дейін де шегелеп айтқан болатын.

Назерке Үкібасова