Шымкенттегі топырақ жолдарға шағал тас төселеді

195

 

Шымкентте биыл топырақ жолдардың барлығына шағал тас төселеді. Бұл туралы бүгін қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте айтылды.Мамандар шаһардың бас ауруына айналған қоғамдық көлік мәселесі де биыл түпкілікті шешіледі деп отыр.

Биыл Шымкентте жол құрылысы қыза түскен. Қазір бас-аяғы 415 шақырым жол жөнделіп жатыр. Олардың ішінде шаһардағы көлік кептелісін реттейтін 5 өткелдің құрылысы жүргізілуде. Дегенмен, мегаполисте әлі күнге дейін асфальт түгілі шағал тас төселмеген жолдар бар. Басқарма өкілдерінің сөзіне қарағанда қазір қаладағы топырақ жолдардың ұзындығы 112 шақырымды құрайды. Салаға жауаптылар жыл соңына дейін топырақ жолдардың мәселесін толығымен шешеміз деп уәде етті.

Абай Тұрханов, Шымкент қаласы ЖК және АЖ басқармасы басшысының орынбасары: «Тұрғындары 50 пайыз қоныстанған жолдарды есептегенде 112 шақырымды құрап отыр. Топырақ жолдарға шағал тас төсеу үшін бюджеттен қаржы бөлінген. Қазір екі мердігер мекеме жұмыс істеп жатыр».

Шымкенттің күрмеулі мәселелерінің бірі – қоғамдық көліктің жайы. Бұл түйіткіл де жуық арада шешіледі дейді басқарма өкілдері. Салаға түбегейлі өзгерістер енгіземіз деп құлшынып отырған шенеуніктер автобустардың жұмысын реттейтін жаңа концепцияда жолаушылар мүддесін ғана қорғап қоймай, тасымалдаушылардың қызығушылығын да арттырады деп отыр. Енді жолаушылар тасымалдайтын компаниялар субсидияланатын болады дейді мамандар. Бұдан былай бірін-бірі қайталайтын автобустар да бағыттардан алынып тасталады. Ал жыл соңына дейін қалаға жеткізілетін 500 автобус бағыттағы әбден ескірген қоғамдық көліктерді бірте-бірте алмастыратын болады.

Мақпал Рысбаева