Шымкенттік өрт сөндірушілер жазғы өрт қауіпті кезеңінде бір тәулікте түрлі деңгейдегі өрт оқиғаларына 10-15 рет шығады. Өрттердің шығу себептері әртүрлі: отты абайсыз пайдалану, мас күйінде темекі тарту, жас балдардың отпен ойнауы, тұрмыстағы қарапайым өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамау.

Өрттің нақты себептерін анықтау 10 күнге дейін созылуы мүмкін. Ал қала тұрғындарынан өрт оқиғасына куәгер болса, тез арада «101» немесе «112» телефонына хабарласуды сұранамыз.

Бүгін 24 маусымда «101» кезекшілік пультіне сағат 17.12-де Шымкент қаласында А.Байтұрсынов көшесі бойында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде өрт шыққаны туралы хабар келіп түскен. Хабарламада Байтұрсынов көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің 3 ші қабатында пәтердің балконында өрт шыққаны туралы айтылған.

Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамында 16 қызметкер, 5 техникасы шықты. Алғашқы өрт сөндіру есебі 2 минутта жетіп, үшінші қабаттағы пәтердің балконында 3 шаршы метрде ескі үй заттары жанып, өрт пәтердің ішіне өткенін анықтады. Пәтердің қонақ бөлмесінде 0,5 шаршы метрде кілем, ағаш есік, терезе жақтаулары жанған.

Бірнеше минут ішінде подъездің кіреберісi қою түтінге оранып жоғарғы қабаттардың тұрғындарына сыртқа шығуға кедергі келтірді. Өрт сөндіруші-құтқарушыларының жедел іс-әрекеттерінің арқасында пәтерлерден 3 адам құтқарылып, оның ішінде 1 бала, 7 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Өрт 17:31-де оқшауланып, 17:43-те өрт толығымен сөндірілді. Қайтыс болған адам жоқ, Медицина апаттар орталығының бригадасы қажетті алғашқы медициналық көмек көрсетті. Өрттің шығу себебі анықталуда.

Өрт сөндіру қызметі қала тұрғындарына тұрмыстағы өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертедi.