Түркістан облысының Отырар ауданындағы мақта қоймасында ірі өрт шықты. Оқиға 14 желтоқсанда түнгі уақытта Темір ауылында болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт таңғы сағат 3:57-де ашық қоймада болды. Өрт шамамен 360 шаршы метр сақталған мақтаны шарпыды. Салдарынан 260 тонна мақта жанып кетті.
Қоймада барлығы шамамен 4500 тонна мақта сақталған. Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында өрттің таралуына жол берілмеді. Зардап шеккендер жоқ.
Өртті сөндіруге бірнеше мекеме жұмылдырылды. Төтенше жағдайлар департаменті 30 адам мен жеті техника бөлді. «Ауылдық құтқару бөлімшелері, орман шаруашылығы қызметкерлері және жергілікті әкімшілік қызметкерлері де жұмылдырылды — барлығы 50-ден астам адам мен 13 техника. Өрттің себебі анықталуда», — делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.







