Шымкенттік зейнеткер тірі екенін дәлелдей алмай жүр

155

«Тірімін, бірақ өлілердің қатарындамын». Арнамызға арызданған 66 жастағы Анатолий Поваров өзінің тірі екенін дәледей алмай жүр. Жеке деректері бойынша «қайтыс болған» ол ай сайын алатын зейнетақысынан да қағылып келгенін айтады. Дерекқорға жалған мәлімет берген кім? Оны түзетудің жолы қайсы?

Анатолий Поваровтың көзі тірі, дені сау. Бірақ өзінің тірілер қатарынан екенін дәлелдей алмай дал болып жүр. Кейіпкеріміз өзінің марқұмдар тізімінде екенін алғаш рет өткен жылдың күзінде естіп, шошып кеткенін айтады. Зейнетақысын алу үшін банкоматқа барған зейнеткердің есеп айырысу карточкасы жабылып қалған. Құзырлы органдарды жағалап жүріп, құжат бойынша өзін «тірілтіп алған» ол келеңсіз жағдайдың биыл тағы қайталанып отырғанына наразы.

Ер-азаматтың ай сайынғы зейнетақасы да өзінің тиісті органдарға барып, қайтыс болмағанын растаған жағдайда ғана есеп шотына түсетінін айтады. Соңғы мамыр айындағы зейнетақасын алу үшін де ол аз тер төккен жоқ. Жергілікті әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне, одан кейін банкке барып, әуреге түскен. Ай сайын өзінің тірі екенін дәлелдеу үшін табаннан тозатын қария әр есікке жүгіруді де денсаулығым көтермейді дейді.

Ал Қаратау аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміндегілер Анатолий Поваровтың келеңсіз жағдайға тап болғанын Алматы қаласындағы ауданараларлық аурухана қызметкерлерінің салғырттығынан көріп отыр.

Данияр Әлиев, «Азаматтарға арналған Үкімет» ААҚ Шымкент қаласы Қаратау аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы: «Осындай атпен бір адам қайтыс болған болуы мүмкін. Дерекқорға дұрыс емес мәлімет кетіп қалған».

Зейнеткер тірі екенін оны өлі деп таныған Алматы қаласындағы ауруханаға барып қана дәлелдей алатынын айтады. Ол үшін денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінен дерекқордағы мәліметті өзгертуін талап етуі тиіс.

Мақпал Рысбаева