Түркістан облысы полицейлері жергілікті тұрғыннан 2 кг астам марихуана тәркіледі

154

 

Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері аудан, қалалық полиция бөлімдерімен бірлесіп, көптеген есірткі қылмыстарын ашып келеді. Өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді еккен, оны сақтаған, күтіп-баптаған, тіпті сатқан азаматтарды анықтап, заңсыздықтардың жолын кесуде.

Осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар барысында полицейлер автокөлік ішінен есірткі тәркіледі. Нақтырақ айтсақ, Түркістан-Кентау тас жолы бойында «Ауди» маркалы автокөлігін тоқтатып тексеру кезінде полиэтилен пакетке оралған хош иісті, жасыл түсті есірткіге ұқсас зат табылған. Күдікті Кентау қаласының тұрғыны болып шықты.

Сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысына сәйкес тәркіленіп алынған өсімдіктің салмағы 1 кг астам «марихуана» есірткі заты екені анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген қылмыстық іс аясында, күдіктінің үйіне тінту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде тұрғынның сарайында тұрған кір жуғыш машинасының ішінен 1 дана полиэтилен пакетке оралған жасыл түсті марихуанаға ұқсас өсімдік алынды. Сараптамаға сәйкес ол да «марихуана» өсімдігі екендігі белгілі болып, салмағы 1 кг асты. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркелді. Тәртііп сақшылары күдіктіден 2 кг-нан астам марихуана алды. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары тұрғынның аталған есірткі затын не үшін сақтағандығын анықтау үстінде.

Түркістан облысы полицейлері есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, құрамында есірткі заты бар өсімдіктердің егістіктерін анықтау және жою, есірткілерді және басқа да тыйым салынған заттарды сақтаумен және өткізумен айналысатын адамдарды ұстау бағытында тұрақты қызмет атқаруда. Жоғарыда көрсетілген дерек соның дәлелі болмақ.