Аскарбин қышқылын қымбат бағаға сатқан

558

Түркістан облысы полицейлері тағы бір заңсыз дәрі сату оқиғасын Түлкібас ауданында анықтады. Рейд барысында тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынды 20 орам «аскорбин қышқылын» 750 теңгеден, (белгіленген бағасы 373 тг) және «Дексаметазон» препаратының 2,5 қаптамасын 2000 теңгеден, (белгіленген бағасы әр қаптамасы 1000 тг) сату үстінде ұстады.

Түлкібас ауданының тұрғынының айтуынша аталған дәрілер өзінің емінен артылып қалғандықтан, ол оны сатып жібергісі келген. Жедел топтар Түркістан облысы аумағындағы рейдтік іс-шаралар жүргізіп, карантин кезінде дәрілерді жоғары бағамен заңсыз сатудың 39 фактісін анықтады.

Сонымен қатар, Түркістан облысының полицейлері коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты енгізілген карантиндік режимді сақтау бойынша профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда.

Бір ғана Түлкібас ауданында карантиндік шаралар енгізілгеннен бері полиция қызметкерлерімен 67 құқықбұзушылық анықталды, оның 57-сі ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша және 10-ы ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы «жалпы су пайдалану ережелерін бұзу» бойынша тіркеліп, 10 әкімшілік хаттама толтырылды.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлерімен халықтың карантиндік шараларды сақтау бойынша профилактикалық жұмыстар жалғасуда.

Мақпал Рысбаева