Енгізілген карантин мен шектеу шараларына қарамай, Түркістан облысында дүбірлі той өткен. Келін түсіру — беташар Кентау қаласының төріндегі тойханалардың бірінде, тал түсте тойланған.
Әлеуметтік желіге тараған видеодан думанға келген қонақтардың қымбат көліктері мен мейрамхана алдындағы ойын балаларын байқауға болады. Бұл көріністі телефонына түсірген автордың айтуына қарағанда, оқиға 5-шілде күні орын алған.
Ал Түркістан облысы тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшылығы бұл жәйтті растап, оқиға орнына арнайы жасақталған мобилді топ жұмылдырылғанын мәлімдеді.Қазіргі кезде әкімшілік құқықбұзушылық бойынша хаттама түзіліп, іс сотқа жолданыпты. Бірақ, той иесі мен келуші меймандар жауапкершілікке тартылмайды екен.
Алдарқұл Ахметов, Түркістан облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Беташар тойына жиналғандардың бәріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, олар үйлеріне таратылды. Той иесіне де солай түсіндірме жүргіздік. Сол беташар тойын сол жерде өткізуге рұқсат берген, «Империал» мейрамханасында өткізуге жағдай жасаған мейрамхана иесін яғни жеке кәсіпкерді кінәлі деп таптық. Одан полиция басқармасының қызметкерлері түсініктемелерін алды. Осылайша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-тармағына сәйкес, хаттама толтырылды. Іс сотқа жолданды. Сотқа жолданғаннан кейін шешімді ары қарай сот шығарады. Ал жалпы 462-баптың 3-ші тармағына сәйкес, кәсіпкерге 100 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін».
Мөлдір Бекеева