Қаладағы Т. Айбергенов көшесі 1″б» үйдің тұрғындары өрт барысында сындырылған терезе әйнектерінің қалдықтарын сыпырып, ауланы ретке келтіруде. 13 шілдеде түнгі 00:00 шамасында 101 кезекшілік-диспетчерлік қызметіне электр қалқанынан өрт шыққаны жөнінде хабарлама түскен.
Өрт сөндірушілер дер кезінде жетіп қара түтінге оранған көпқабатты үйдің 2 подъезіндегі тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарған. Жедел медициналық жәрдемге бір ер азамат жүгінген. Қазір жағдайы жақсы. Бірінші қабаттағы электр торабындағы сымдар мен есептегіш құралдарының өртеніп кетуіне байланысты тұрғын үй уақытша электр жарығынан ажыратылды.
Кенжегүл Аблаева, тұрғын: «Түнде ұйықтап қалғанбыз. Түнде 00:00 шамасында өрт шықты, өрт сөндіру қызметі тез жетпегенде не болатынын кім біледі. Біздің подъездегі пәтерлер тәулікке беріледі. Солар ма, бүлдірген. Оны мамандар анықтайды».
Жарты ғасыр тұрған үйдің электр жүйелерін тұрғындар жақында жаңалаған екен. Аптап ыстықта электр қуатынсыз отыру мүмкін емес, сондықтан ортадан ақша жинап бүгін электр жүйесін мамандардың күшімен кешке дейін қосып алуға әрекет жасаймыз дейді олар. Ал төтеншеліктер болса, тұрғындарды өрттің алдын алу үшін қауіпсіз шараларын сақтауға шақырады.
Шынар Оразова