Сарыағашта бағаны көтеріп жіберген дәріханалар анықталды

181

Бүгінгі күні елімізде етек жайған қауіпті індеттің салдарынан ел аумағындағы дәріханаларда дәрі-дәрмек бағасының күрт өсу деректері жиі кездесуде.

Осыған орай бүгін аудан әкімі Мухит Отаршиев аудан әкімдігі жанынан құрылған арнайы мониторингтік жұмысшы топпен біргелікте Сарыағаш қаласында орналасқан бірқатар дәріханаларға дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында арнайы тексеру жұмысын жүргізді.

Алдымен аудан басшысы «Алып» базарының маңында орналасқан 3 бірдей дәріхананы аралап шықты. Сонымен қатар, Арзан маркеті мен Аянат сауда орталығының бірінші қабатында орналасқан дәріханаларға да барды. Мониторинг барысында бірқатар кемшіліктер анықталды, соның ішінде дәріханалардың бірінде кассалық аппараттың болмауы және дәрі-дәрмек бағасының негізсіз көтерілуі сынды кемшіліктер бірқатар анықталып, аталған олқылықтарды түзетуге қатысты аудан әкімі М.Отаршиев жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.


Сондай-ақ, аралау барысында қазіргі таңдағы сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі анықталды. Оған себеп ретінде дәріхана иелері дәрі-дәрмектердің уақытылы жеткізілмеуін алға тартып отыр. Бұдан бөлек аудан басшысы кәсіпкерлерге бағаны шектен тыс көтерген немесе карантиндік талаптар сақталмаған жағдайда заңға сәйкес жауапкершілікке тартылатындығын ескертті.