Қазақстанның ұлттық валютасы АҚШ долларына қатысты өзгеріп отыр. Бүгін күндізгі сауда барысында доллар бағамы 486 теңгені құрады. Яғни, жұма күнгі көрсеткішпен салыстырғанда шамамен бес теңгеге төмен. Бұл соңғы шамамен бір жарым жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш.
Сонымен қатар, соңғы алты айда Қазақстанда доллар бағамы 9,4 пайызға төмендеді. Қаржыгерлердің айтуынша, теңгенің күшеюі ішкі және сыртқы факторлардың ықпалымен байланысты. Олардың қатарында теңгеге деген сұраныстың артуы, инвесторлардың күтулерінің өзгеруі және қаржы нарықтарындағы жалпы динамика бар. Сарапшылардың пікірінше, теңгенің нығаю үрдісі алдағы уақытта да сақталуы мүмкін.
Мамандардың пікірінше, қазіргі жағдайда теңгенің нығаюына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Жоғары пайыздық теңгелік активтер инвесторлар үшін тиімді. Бұған қоса сыртқы нарықтағы жағдай да ықпал етуде. Ормуз бұғазының жабылуына байланысты мұнай бағасы бүгін бір баррель үшін 106 доллардан асты. Бұл жағдай АҚШ долларының әлсіреуімен қатар жүріп жатыр, себебі кез келген әскери қақтығыс оған қатысы бар тараптардың валютасына теріс әсер етеді.
АРМАН БАЙҒАНОВ, R-FINANCE ҚАРЖЫ КЕҢЕСШІСІ: «Жыл қорытындысы бойынша көптеген компаниялар корпоративтік табыс салығын төлейтінін атап өткен жөн. Бұл да ұлттық валютаны қолдауға ықпал етеді. Бұдан бөлек, экспорттаушыларға қойылатын міндетті талаптар бар. Олар валюталық түсімнің 50 пайызын ұлттық валютаға айырбастауы тиіс. Бұл факторлар да теңгенің нығаюына әсер етеді».
Сарапшылардың айтуынша, теңгенің долларға шаққандағы бағамы 480–475 деңгейіне дейін төмендеуі мүмкін. Алайда бұлай айту әзірге қиын дейді. Өйткені курс төменгі деңгейге жақындағанда нарықта доллар сатып алушылар саны артады. Мұнан соң, бағам қайтадан 500 теңге қарай көтерілуі мүмкін.
АРМАН БЕЙСЕМБАЕВ, ҚАРЖЫ КЕҢЕСШІСІ: «Шамамен дәліз төменгі шегі 487 теңге, ал жоғарғы шегі 500 теңге деңгейінде. Валюталық жұп осы аралықта біраз уақыт саудалануы мүмкін. Егер қандай да бір елеулі өзгерістер болса, онда бағам қайтадан өсуі ықтимал. Бұл жағдайда теңге әлсіреуі мүмкін. Мұның қанша уақытқа созылатынын әзірге айту қиын».
Бүгін күндізгі сауда барысында доллар бағамы 486 теңгеге жетті. Ал соңғы алты айда Қазақстанда оның бағамы 9 пайыз шамасында төмендеген.
Нұргүл Жолымбетова






