Шымкентте тегін берілетін дәрі-дәрмекті сатқан

174

Шымкентте дәрі-дәрмектерді заңсыз сатқандардың әрекеті әшкере болды. Полицейлер дәрілік заттарды қымбат бағамен бағамен сатқан пысықайларды анықтау үшін жедел-профилактикалық іс-шара жүргізді. Халыққа ауадай қажет препараттарды қолжетімді ету үшін енді әкімдіктегілер мен тәртіп сақшылары күш біріктіретін болды.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар дәріханаларда болып, тапшылықты шешу бойынша мониторинг жұмыстарын өзі бақылады. Шаһар басшысы, дәрі-дәрмек бағасын негізсіз көтергендерге қатаң шара қолданылатынын қадап айтты.

Мұрат Әйтенов тұрғындарды қажетті препараттармен қамтамасыз етуде жауапты мамандарға дәрі-дәрмектердің қоймадан қанша алынып, қаншасы дәріханаларға жеткізілгеніне дейінгі жұмыстардың барлығына сараптама жасап отыруға тапсырма берді.

Дәрі-дәрмек қоймаларының басшылары қазір күшейтілген режимді жұмыс істеуде. Соған орай штат та ұлғайтылып отыр. Ал қымбатшылыққа әкеп соғатын алыпсатарлардың әрекеті де нарықтағы жағдайды тіпті ушықтырып жіберген.

Шымкентте екі күнде 50-ден аса дәрі-дәрмекті заңсыз сатып алу жағдайлары тіркелген. Қоймаларды тексеру кезінде иесі дәрі-дәрмектерді сатуға арналған арнайы лицензиясын көрсеткенмен, бұл құжаттың басқа ғимаратқа арналғаны анықталған.

Сондай-ақ, қоймадағы дәрі-дәрмектердің сақталу талаптары өрескел бұзылған. Нәтижесінде 200-ден аса дәрі-дәрмектің түрі айғақ зат ретінде тәркіленіпті. Пысықайлар заң алдында жауап береді.

Мақпал Рысбаева