Шымкенттегі провизорлық орталықта 181 науқас емделіп шықты

304

Шымкентте жедел респираторлы вирустық инфекциясына шалдыққан және пневмония жұқтырған науқастардың сауығуына барлық жағдай жасалуда. Індетпен күрескендерге қолдауын кәсіпкерлер де көрсетуде.

Жаңа провизорлық орталықтың ашылуына мұрындық болған Балтабай Асан жақын арада оттегі баллонын шығаратын өндірісті іске қоспақ.

Шымкентте «Самал -3» шағынауданындағы жаңа мектеп ғимаратында маусымның 28-іне ашылған провизорлық орталықта бастапқыда 344 науқас қабылданған. Бүгінгі таңда олардың 181-нің жағдайлары жақсарып, үйлеріне шығарылды дейді осындағы дәрігерлер. Толық айығып кету үшін науқастарға ем нұсқаулығы беріледі. Сондай нұсқаулықпен тұрғын Абдуғалла Қылышов провизорлық орталықтан шығарылды. Ол өкпесінің екі жағы қабынып осында түскен болатын.

Абдуғалла Қылышов, тұрғын: «Дәрігерлерге  рахмет. Осылардың арқасында тіршілік жасап жатыр халық. Құдайға шүкір. Аман болсын. Балаларының рахатын көрсін. Өмірлері ұзақ болсын. Коронавирус ауруы бізден кетсін».

Провизорлық орталықта науқастарға 21 дәрігер, 51 медбике, 19 санитар қызмет көрсетуде. Орталыққа денсаулығы сыр беріп өздігінен келген, не жедел медициналық жәрдем қызметімен жеткізілген азаматтар қабылданады. Өкпесі қабынған азаматтардың тыныс алу жолдарын жақсартуға арналған Бобров аппаратына провизорлық орталықтағы 34 оттегі баллоны жүйесі қосылған.

9 шілдедегі мәліметтер бойынша 163 науқастың 18-і өткір респираторлық вирус инфекциясын жұқтырған, қалғандары пневмониядан емделуде. Провизорлық орталықтың ашылуына, науқастардың тез сауығып кетуіне демеушілік жасаған Балтабай Асан  жақын арада оттегі баллонын шығаратын өндіріс іске қосылатынын жеткізді. Қауттылығы тәулігіне 1100 баллон.

СК «Фармация» жеткізген дәрілер таусылғанда кәсіпкер өз қаржысына дәрі-дәрмектер мен қажетті құрылғылармен қорды үнемі толықтырып отырады. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай өршіп тұрғанда дәрігерлер жерлестерімізді өз денсаулығына мұқият болуға шақырады.

Динара Қадырбаева, №14 емдеу орталығының бас дәрігері: «Ауырып қалсаңыз, үйде өздігіңізден емделмеңіз. Дәрігерлердің көмегіне жүгініңіздер. Үйлерінде ем қабылдап түрлі антибиотик қабылдағандар интоксикация болып оларды емдеу қиынға түсуде. Өздеріңіздің жақынадрыңыздың өмірлеріне қауіп төндіруден аулақ болыңыздар.
Шымкенттіктерге жұқпалы аурулар емханаларынан бөлек қала аумағындағы емханалардың жанында ашылған күндізгі стационарлар мен және де бірқатар мекемелерде ыңғайластырылған стационаларда медициналық көмек көрсетілуде».

Шынар Оразова