Шымкенттегі қоймадан мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмек және оның мерзімін ауыстыратын құрылғы табылды

172

Шымкенттегі қоймадан мерзімі өтіп кеткен дәрілер, оның мерзімін ауыстыруға арналған техникалық құрылғы, 36 жыл бұрын шыққан бинт, 350 литр дезинфекциялық сұйықтық табылды.

Шымкент қаласындағы Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері қала прокуратурасы және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызметкерлерімен бірлесе жүргізген іс-шара барысында дәрілік заттарды, спирт және спрейлерді заңсыз сақтау фактісін анықтады.

Тексеріс барысында спирт сұйықтығын дайындауға арналған құрылғылар, дәрілік заттардың қолдану мерзімін ауыстыруға арналған техникалық құрылғылар тәркіленді.

Жалға алынған қоймадан 50 мл көлемдегі 230 мың дана бос шыны құты, дезинфекциялық сұйықтық құйылған 70 бес литрлік ыдыс, 148 қораптағы 9 мың қолдану мерзімі өтіп кеткен «Суприма Лори» дәрісі, 1 950 дана 30 мл флакондағы ақ сұйықтық, 3 бес литрлік женьшен тұндырмасы, жалпы салмағы 15 келі болатын 4 қапшықтағы қолдану мерзімі өтіп кеткен «Мукалтин» ұнтақ дәрісі тәркіленген.

Сонымен бірге, 1984 жылы шыққан 6 қорап медициналық бинт, 4 қапшық ұнтаққа ұқсас заттар табылды. Енді Шымкент қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының өкілдері осынау дерек бойынша кінәлілерді жауапқа тартатын болады.

Мақпал Рысбаева