Жанармай бекетінің қызметкері өзін-өзі тонаған

180

Жанармай бекетінде жалған тонау болды. Таңғы сағат 6:30 шамасында Кентау қаласының полиция бөліміне жанармай құю бекеттерінің бірінде тонау болғаны туралы хабарлама түскен.

Бекет қызметкерінің айтуынша, белгісіз ер адам оны ұрып-соғып, қорқытып, 170 мыңнан астам теңгесін тартып алған. Оқиға орнына жеткен Кентау Қаласы полиция басқармасының қызметкерлері сол арада жедел іздестіру іс шарасын жүргізіп, куәгерлерден жауап алған. Көп ұзамай полицейлер қылмыс туралы жалған ақпарат берген жәбірленушіні ұстады.

Белгілі болғанындай, жігіт ақшаны өзі иемдену үшін тонау болды деп айтып, қаржыны автокөлігінің жүк салғышына жасырып қойған екен. Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта аталған жәйтке қатысты ҚР ҚК 419-бабы яғни, “Көрінеу жалған сөз жеткізу” бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Осылайша, тәртіп сақшылары тәулік ішінде бұл қылмыстың жалған екенін анықтап, табылған ақшаны айғақты зат ретінде алыпты. Ал әзірге күдіктінің бас шарасы қолхатпен босатылған.

Мөлдір Бекеева